Инклюзивті қоғам құру – мемлекеттік саясаттың басым бағыты
- авторБақытжан Бекболат
- 13 қазан, 2025
- 366
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің дерегінше, бүгінде елімізде 743 мыңнан астам мүгедектігі бар адам тұрады, деп хабарлайды Jambylinfo.kz
Олардың 55,7%-ы – еңбекке қабілетті жаста, 28,6%-ы – зейнеткерлер, ал 15,7%-ы – 18 жасқа дейінгі балалар. Бұл азаматтардың өмір сапасын арттыру мен әлеуметтік қолдау көрсету – мемлекеттік саясаттың басты басымдықтарының бірі.
Мүгедектігі бар адамдардың құқықтары мен мүдделерін қорғау мақсатында Қазақстанда әлеуметтік қорғаудың көпдеңгейлі жүйесі қалыптасқан. Ол Әлеуметтік кодекс аясында жүзеге асырылады және мыналарды қамтиды:
мемлекеттік жәрдемақылар мен әлеуметтік төлемдер;
әлеуметтік және медициналық оңалту шаралары;
арнайы әлеуметтік қызметтер көрсету;
жұмыспен қамтуға жәрдемдесу;
қолжетімді және кедергісіз орта қалыптастыру.
Мүгедектігі бар азаматтар мен олардың отбасыларының мәселелерін шешу бағытында Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі жанынан үйлестіру кеңесі жұмыс істейді. Кеңес мемлекет пен азаматтық қоғам арасындағы диалогтық алаң ретінде әрекет етіп, нақты ұсыныстар мен ұсынымдар әзірлеумен айналысады.
Сонымен қатар, елімізде 140-тан астам кеңесші өңірлерде ерекше қажеттіліктері бар азаматтардың мәселелерін шешуге және олардың өмір сапасын арттыру бойынша ұсыныстар дайындауға атсалысуда.
Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша, БҰҰ ұсынымдарын, халықаралық тәжірибені және үкіметтік емес ұйымдардың ұсыныстарын ескере отырып, ЕХӘҚМ 2030 жылға дейінгі инклюзивті саясат тұжырымдамасын әзірлеп, бекітті. Бұл құжат медициналық-әлеуметтік үлгіден әлеуметтік-құқықтық үлгіге көшуді көздейді. Тұжырымдаманың басты мақсаты – Қазақстандағы мүгедектігі бар адамдардың өмір сүру сапасын жақсарту. Тұжырымдаманы іске асыру – әрбір азамат өзінің даму ерекшеліктеріне қарамастан, лайықты өмір сүріп, өз әлеуетін толық іске асыра алатын қоғам қалыптастыруға жол ашады.






