Итальяндық медиа Қазақстан туралы арнайы жобалар әзірлеуде
Қазақстан шетелдік аудиторияға екі ірі итальяндық медиа платформасы арқылы таныстырылмақ
Елімізге алғаш рет әйгілі «Donnavventura» тревел-бағдарламасы мен «Corriere della Sera» газеті құрамындағы «Cook» гастрономиялық журналының түсірілім топтары келді, деп хабарлайды Jambylinfo.kz
«Donnavventura» – 35 жылдан бері Rai 2 телеарнасынан көрсетіліп келе жатқан танымал реалити-тревел шоу. Бұл жолы шығармашылық топ Қазақстан туралы арнайы digital-шығарылымдар сериясын YouTube және Instagram желілеріне арнап түсіруде.
Түсірілім Астанадан басталды. Жүргізушілер «BaiQymyz» гастро-фестиваліне қатысып, ұлттық тағамдармен, мәдениетпен танысты.
Түсірілім барысында Астананың көрнекті орындары – Бас мешіт, Есіл жағалауы, «Сауран» базары көрсетілді. Сондай-ақ, «Щучинск-Бурабай» курорттық аймағының табиғаты қамтылып, жергілікті тұрғындармен сұхбаттар арқылы ұлттық болмыс жеткізілді.
Ал «Cook» журналының командасы үшін Астанада арнайы гастротур ұйымдастырылды. Олар Qazaq Gourmet мейрамханасында авторлық тағамдардың әзірлену үдерісімен танысып, Qazaq Geography алаңында шай рәсімі, ұлттық таңғы ас, сүр ет және десерттермен танысты.
Итальяндық журналистердің сапары Neos Air, Итало-қазақ сауда қауымдастығы, Visit Astana, Almaty Tourism Bureau және Алматы облысы Туризм басқармасы қолдауымен ұйымдастырылып, түсірілім Алматы қаласы мен облысында жалғасуда.