Үкімет: Көктемде картоп бағасы 185 теңгеден аспайды
Егістіктегі бағалар 90–120 теңге/кг аралығында, ал бөлшек саудадағы орташа бағасы бір аптада 3,9%-ға төмендеп, 194 теңге болды.
Ауыл шаруашылығы министрлігінің мәліметінше, биыл картоп өнімі 2,7 миллион тонна болады деп жоспарланып отыр. 5 қыркүйекке дейін 840,2 мың тонна картоп жиналды, деп хабарлайды Jambylinfo.kz
Егістіктегі бағалар 90–120 теңге/кг аралығында, ал бөлшек саудадағы орташа бағасы бір аптада 3,9%-ға төмендеп, 194 теңге болды. Жалпы жылдық қажеттілік 2 млн тонна. Жақсы өнім көлемі күтіліп отырғандықтан, 28 шілдеден бастап картоп экспортына қойылған шектеу алынып тасталды.
Ауыл шаруашылығы вице-министрі Ербол Тасжүрековтің айтуынша, тамызда туындаған фитосанитариялық сертификаттарды рәсімдеудегі техникалық іркілістер жойылып, ведомство ел ішіндегі тапшылық тәуекелдерін болдырмау үшін экспортты қатаң бақылауда ұстайды.
Ал Сауда және интеграция министрлігі бағаны тұрақтандыру үшін Картоп және көкөніс өсірушілер одағымен меморандум жасасты. Оған сәйкес, ауыл шаруашылығы өндірушілері әкімдіктердің сұранысы бойынша ішкі нарықты көкөніспен қамтамасыз етеді.
Қараша айында өнімнің сату бағасы – 145 теңгеден, ал 2026 жылдың көктемінде сақтау шығындарын ескере отырып 185 теңгеден аспайды. Сол сияқты келісімдер «Арал тұз» АҚ-мен (тұз бағасын 100 теңгеден 82 теңгеге дейін 18% төмендету) және жұмыртқа өндірушілер қауымдастығымен (жұмыртқаның шекті бағасы – 55 теңге/дана) жасалды.