Елімізде

Әлем чемпионы Шұғыла Өмірбекке облыс әкімі көлік сыйлады

Жуырда Сербияның Нови-Сад қаласында өткен 23 жасқа дейінгі спортшылар арасындағы әлем чемпионатында әйелдер бәсекесінде Қазақстанның спортшысы Шұғыла Өмірбек әлем чемпионы атанған болатын.

55 келіде сынға түскен түркістандық балуан қыз финалда Түркия спортшысы Туба Демирді 12:8 есебімен жеңді. Әлем чемпионын Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров арнайы қабылдап, құрмет көрсетті, деп хабарлайды Jambylinfo.kz Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Чемпионның жеке бапкері Нұржігіт Ерімбетовке де құрмет көрсетіліп, алғыс хат пен қаржылай сыйлық табыс етілсе, Әбдісалан Нұрмаханов атындағы спорт мектебінің директоры Дәурен Тәңірбергенов алғыс хатпен марапатталды. Шұғыла мен бапкері қолдау көрсеткен облыс басшылығына ризашылықтарын білдіріп, ендігі меже – Олимпиада ойындары екенін жеткізді. Сол бағытта жаттығуды күшейтіп, шеберлікті шыңдайтындарын атап өтті. 

Айта кетейік, Түркістан облысында күрес түрлері, оның ішінде әйелдер күресі қарқынды дамып келеді. Облыстың бұрымды балуандары Азия чемпионаттарында 17 медаль еншілесе, әлем чемпионаттарында 5 медаль олжалаған.