МӘМС заңы: 2026 жылдан бастап не өзгереді
Мемлекет басшысы міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру туралы заңға енгізілген өзгерістерді ресми бекітіп, құжатқа қол қойды
Бұл өзгерістердің қарапайым азаматтар мен жалпы жүйеге қалай әсер ететіні жайында Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры халық арасында түсіндіру жұмыстарын жүргізуде. Қордың облыс бойынша филиалының директоры Ғайни Аймағанбетова бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдерімен кездесіп, заңдағы өзгерістерге қатысты баспасөз конференциясын өткізді.
Бүгінде облыс бойынша 948 мың адам, яғни тұрғындардың 80,8 пайызы сақтандырылған. Дегенмен, облысымызда әлі де болса 225 мыңнан аса адам жүйеден тыс қалып отыр. Ал әлеуметтік, тұрмыстық деңгейі бойынша дағдарыстық және шұғыл жағдайдағы D және E деңгейі санаттарына жататын азаматтар саны 70 мыңның шамасын құрайды екен.
– Бұл өзгерістер, ең алдымен, қарапайым халық үшін медициналық көмекті қолжетімді етуге бағытталған. Енді жергілікті атқарушы органдар әлеуметтік әл-ауқат деңгейі бойынша дағдарыстық және шұғыл жағдайдағы D және E деңгейі санаттарына жататын азаматтар үшін МӘМС жарналарын төлейтін болады. Сонымен қатар, ресми жұмыссыз ретінде тіркелген азаматтар да сақтандыру жүйесіне жергілікті бюджет есебінен қамтылады. Бұл өңірлердегі халықты жұмыспен қамту мен әлеуметтік қолдауға қосымша серпін береді. Тағы бір жақсы жаңалық – бұған дейін жарна төлемей қалған жағдайда адамның сақтандыру мәртебесі 3 ай ғана сақталатын еді. Енді 5 жыл бойы тұрақты жарна төлеген адам болса, жұмысынан айырылған жағдайда бұл мәртебе 6 айға дейін сақталады. Яғни, азаматтар уақытша табысынан айырылып қалса да медициналық көмексіз қалмайды. Бірақ, кейін сол уақыттағы қарызын өтеуі керек болады. Мемлекет онкологиялық ауруларға ерте тексеру жұмыстарын күшейтуді көздеп отыр. Сол себепті 2026 жылдан бастап онкоскринингтер тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі тізіміне өтіп, барлық азаматтарға сақтандырылғанына қарамастан, тегін болады. Бұған қоса, бұрын тек туберкулез бен АИТВ-ға ғана тегін тексеру жасалса, енді оған қоса созылмалы вирусты гепатиттер мен бауыр циррозы, қатерлі ісіктер, психикалық және мінезқұлықтық бұзылыстар, орфандық аурулар, жедел миокард инфаркті, инсульт ауруларына күдік туындаған жағдайда консультативтік-диагностикалық көмек те тегін көрсетіледі. Ал, 2026 жылдан бастап МӘМС-тің базалық пакетіне амбулаторлық диализ, сондай-ақ динамикалық бақылауды қажет ететін созылмалы аурулардың 13 тобы бойынша консультативтікдиагностикалық көмек, амбулаториялық дәрілік қамтамасыз ету, жоспарлы түрде стационарлық және стационарды алмастыратын көмек кіреді, – дейді Ғайни Төленқызы.
Халықты медициналық көмекпен қамтамасыз етудің маңызды шарттарының бірі – медициналық сақтандыру жүйесінің қаржылық тұрақтылығы. Осыған байланысты, 2026 жылдың қаңтарынан бастап жарналар мен аударымдарды есептеу үшін қолданылатын табыс көлемінің жоғарғы шегі де жаңартылады. Жұмыс берушілер үшін 40 ЕТЖ ең төменгі жалақы, ал қызметкерлер үшін – 20 ЕТЖ ең төменгі жалақы мөлшерінде болмақ. Аталған өзгеріс жүйенің қаржылық тұрақтылығын нығайтып қана қоймай, азаматтардың денсаулық сақтау шығындарын өтеудегі жауапкершілікті әділ және теңдей бөлу қағидатын жүзеге асыруға мүмкіндік береді.
– Заңнамаға сәйкес, мемлекет МӘМС жүйесінде жеңілдігі бар санаттарға жататын азаматтар үшін жарна төлейді. Бұл жарналар республикалық бюджеттен бөлініп, балалар, зейнеткерлер, мүмкіндігі шектеулі жандар, жүкті әйелдер және тағы басқа 15 санаттағы азаматтардың медициналық көмек алуын қамтамасыз етеді. Қазақст анда МӘМС жүйе сіне төленетін жарналар мен аударымдардың мөлшері ең төмен деңгейде – 2025 жылы 2 пайыз. Салыстырмалы түрде қарасақ, басқа елдерде бұл көрсеткіш 9–14,5 пайыз аралығында. Жүйені бастапқы жобалау кезінде жарна мөлшерлемелері жоғарырақ болып жоспарланған, алайда жүйе іске қосылған кезде олар едәуір төмендетілген еді. Алайда «Бірыңғай медициналық көмек пакеті» енгізіліп, МӘМС жүйесіне қосымша міндеттемелердің қо сылуына байланысты жүйенің қаржылық жүктемесі күрт өсіп отыр. Осыған байланысты мемлекет тарапынан жарна мөлшерлемелерін кезең-кезеңімен арттыру ұсынылуда. Яғни, 2027 жылы 2,2 пайыз болса, 2037 жылға дейін 4,7 пайызға дейін біртіндеп өсіру көзделуде. Бұл ретте жұмыс берушілер мен жұмыскерлер үшін жарна мөлшерлемелері өзгеріссіз қалады, – деген Ғайни Аймағанбетова журналистердің сұрақтарына жауап берді.
Бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері медициналық сақтандыруы жоқ кісі оқыс оқиғаға тап болып, құны қымбат күрделі ота жасатуға мәжбүр болса, ақысы қалай төленетінін сұрады. Шұғыл жағдайда қажетті ем тегін жасалады екен. Ал өзін-өзі жұмыспен қамтып отырған немесе еш жерде тіркелмеген жұмыссыз азаматтар өз денсаулығы үшін медициналық сақтандыру қорына кез келген екінші деңгейлі банктің мобильді қосымшасы немесе пошта арқылы айына 4250 теңге төлеп отырса, қажет кезде медициналық тексерістерден де, тиісті ем-домын да алуына ешқандай кедергі болмайды.
Тағы бір айтарым, міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру туралы заңға енгізілген өзгерістерді түсіндіру мақсатында Ғайни Аймағанбетова облыстық перинаталдық орталықта ардагерлермен және медициналық мекеме басшыларымен де кездесті.
– Былтыр 7 шілдеде өткен Үкіметтің кеңейтілген отырысында Мемлекет басшысы жергілікті атқарушы органдардың жауапкершілігін арттыру мақсатында «Әлеуметтік осал санаттарға жататын азаматтар үшін медициналық сақтандыруға аударымдар жергілікті бюджет есебінен төленуі тиіс», деп тапсырма берген еді. Осыған байланысты халықты МӘМС жүйесімен барынша қамтуға мүмкіндік беретін заңға өзгерістер енгізілгені қуантады. Осы шаралардың нәтижесінде 2026 жылы шамамен 1 миллион адам МӘМС жүйесімен қосымша қамтылатын болса, оның 70 мыңдайы Жамбыл облысында. Сонымен қатар, ресми тіркелген жұмыссыздар үшін де жарналар жергілікті бюджет есебінен төленетін болады. Бұл өз кезегінде халықты жұмыспен қамту мәселелерінде әкімдіктердің жауапкершілігін арттырады. Өңірлер жұмыс орындарын құруға, кедейлікті азайтуға және халықты жұмыспен қамту бойынша белсенді шаралар қабылдауға ынталы болады. Егер бірнеше жыл бойы тұрақты түрде жұмыс істеп, жарналарын уақтылы төлеп келген кісі кейін жұмысынан айырылып, табыссыз қалған жағдайда оған МӘМС аясында медициналық қызмет көрсетіледі. Сол айлардағы берешегін кейін өтей алады. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес 2026 жылдан бастап «Бірыңғай медициналық көмек пакеті» енгізіледі. Бұл дегеніңіз, онкологиялық скринингтер 2026 жылдан бастап Тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі тізіміне өтеді және МӘМС жүйесінде сақтандырылған мәртебесіне қарамастан барлық азаматтар үшін тегін болады. Сондай-ақ, 8 әлеуметтік мәні бар ауруға күдік туындаған жағдайда консультативтік-диагностикалық көмек те тегін көрсетіледі. Бұған дейін мұндай көмек тек АИТВ мен туберкулезге күдік болғанда ғана ұсынылатын. 2026 жылдан бастап МӘМС-тің базалық пакетіне амбулаторлық диализ, сондай-ақ динамикалық бақылауды қажет ететін созылмалы аурулардың 12 тобы бойынша консультативтікдиагностикалық көмек, амбулаториялық дәрілік қамтамасыз ету, жоспарлы түрде стационарлық және стационарды алмастыратын көмек кіреді. Аталған аурулар тізбесіне бауыр аурулары, қан мен қан түзуші ағзалар аурулары, жоғарғы ас қорыту жолдарының аурулары, инфекциялық емес энтерит пен колит, артропатиялар, дорсопатиялар, қалқанша безі аурулары, қуық асты безінің гиперплазиясы, сүт безінің қатерсіз дисплазиясы, әйелдердің жыныс мүшелерінің қабынусыз аурулары, бронхөкпе дисплазиясы, жүректің туа біткен ақаулары, даму ақаулары жатады. Менің байқағаным, МӘМС қорының филиал басшысы заңға енгізілген өзгерістерді қоғамға түсіндіру жұмысына дұрыс мән береді деп ойлаймын. Жуырда облыс әкімінің орынбасары Серік Сәлемов медицина саласының проблемаларын талқылаған үлкен жиналыста да арнайы баяндама жасап, сұрақтарға тұщымды жауап бергені есімде. Айтпақшы, осы заңға өзгерістерді еңгізуге Парламент Мәжілісінің депутаты Гүлдара Нұрымованың бастамасы мен зор еңбегін атап өту керек, – дейді «Жаңару» сыбайлас жемқорлыққа қарсы жалпыұлттық қозғалыс» РҚБ филиалының директоры Қасымхан Төлендиев.