Маңғыстауда алып сәби дүниеге келді
Қазіргі таңда ана мен сәби дәрігерлердің тұрақты бақылауында
11 қараша күні облыстық перинаталдық орталықта ерекше жағдай тіркелді — салмағы 6 келі 690 грамм болатын қыз бала өмірге келді, деп хабарлайды Jambylinfo.kz
Дәрігерлердің айтуынша, жаңа туған нәрестенің анасы жүктілік кезінде қант диабеті, ауыр преэклампсия және артық салмақ сынды қиындықтарға тап болған.
Мамандар мұндай факторлар баланың құрсақішілік дамуына әсер етіп, туылған кездегі салмағының жоғары болуына себеп болуы мүмкін екенін атап өтті.
Қазіргі таңда ана мен сәби дәрігерлердің тұрақты бақылауында, жағдайлары қанағаттанарлық деп бағалануда.
Перинаталдық орталықтың мамандары жүкті болуды жоспарлап жүрген әйелдерге медициналық тексерулерден алдын ала өтіп, созылмалы ауруларды дер кезінде емдеудің маңыздылығын еске салды.