жұма, 5 желтоқсан, 2025 16:29

Jambylinfo.kz - Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз.

Байланыс

Миллион теңгелік жалақы және бос орындар: елімізде қандай мамандық иелеріне сұраныс жоғары

Миллион теңгелік жалақы және бос орындар: елімізде қандай мамандық иелеріне сұраныс жоғары
Pixabay.com
Бұл туралы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің баспасөз қызметі мәлімдеді

Министрліктің дерегінше, 2025 жылдың қазан айында Enbek.kz электрондық еңбек биржасында 132 мың бос жұмыс орны мен 114,1 мың түйіндеме жарияланған, деп хабарлайды Jambylinfo.kz 

Қыркүйекпен салыстырғанда сұраныс 4,5%-ға, ал ұсыныс 12,6%-ға төмендеген. Дегенмен, сарапшылардың айтуынша, бұл маусымдық баяулау ғана – еңбек нарығының жалпы тұрақтылығы бұзылған жоқ.

Бос жұмыс орындарының үштен бірі білім беру саласына тиесілі – 41,1 мың вакансия. Одан кейінгі орындарда қызмет көрсету (17,5 мың) мен денсаулық сақтау және әлеуметтік қорғау (11,7 мың) тұр. Осы үш сектор барлық бос орындардың жартысына жуық бөлігін қамтып, әлеуметтік бағыттағы мамандықтардың ел экономикасындағы маңызды орнын айқындады.

Қазан айында жұмыс берушілер көбіне орта біліктілігі бар мамандарды (64,4 мың) іздеді. Ал жоғары білікті мамандарға арналған бос орындар 34,7 мың, біліктілігі жоқ қызметтер 32,9 мың шамасында болды.

Түйіндемелер құрылымы да осыған ұқсас: орта деңгейлі 47,7 мың, жоғары білікті 40,6 мың, төмен білікті 25,8 мың ізденуші еңбек нарығына шыққан. Бұл сұраныс пен ұсыныстың арасындағы құрылымдық теңдікті көрсетеді.

Ең көп бос орындар Түркістан облысы (12 мың), Астана қаласы (11,4 мың) және Жамбыл облысында (8,8 мың) тіркелді.

Ал түйіндемелер саны бойынша Түркістан облысы (13,4 мың) көш бастап, одан кейін Астана (9,1 мың) және Қызылорда облысы (8,3 мың) орналасқан. Бұл аймақтардағы экономикалық белсенділіктің жоғары екенін аңғартады.

Барлық түйіндемелердің 45%-ын 34 жасқа дейінгі жастар орналастырған. 35–44 жас аралығындағы топтың үлесі – 26%, 45–54 жастағылар – 19%, ал 55 жастан асқандар – 10%.

Сонымен қатар, әйелдердің белсенділігі жоғары – түйіндемелердің 52%-ы әйелдерге тиесілі.

Сұранысқа ие мамандықтар

Ең көп ізделген жоғары білікті мамандықтар қатарында:

тәрбиешілер (1,8 мың)

бухгалтерлер (1,1 мың)

математика мұғалімдері (1 мың)

Орта деңгейлі мамандар ішінде қазандық операторлары (6,9 мың), егін өсірушілер (2,2 мың) және медбикелер (1,9 мың) сұранысқа ие болды.

Ізденушілер жағынан ең жиі түйіндеме бухгалтер, заңгер және тәрбиеші мамандықтарына берілген.

Жалақы айырмашылығы әлі де бар

Жұмыс берушілер ұсынған ең жоғары еңбекақылар:

өндіріс бастығының орынбасары – шамамен 1 млн теңге,

компьютерлік ойындар дизайнері – 990 мың теңге,

омбудсмен – 990 мың теңге.

Ал ізденушілердің күткен еңбекақысы бұдан әлдеқайда жоғары:

ұшқыш – 2,8 млн теңге,

өрт сөндіру кеншісі – 2 млн теңге,

басқарма төрағасының орынбасары – 1,8 млн теңге.

Мұндай айырмашылық әсіресе басқарушылық және техникалық мамандықтарда байқалады.

 

Бақытжан Бекболат
Автор

Бақытжан Бекболат

Бақытжан Бекболат

Ұқсас жаңалықтар