Найзағай, дауыл, нөсер жаңбыр: елдің бірнеше өңірінде дауылды ескерту жарияланды
- авторБақытжан Бекболат
- Бүгін, 09:14
- 141
Синоптиктердің болжамынша, елдің көптеген өңірлерінде жаңбыр жауып, найзағай ойнайды. Ал оңтүстік аймақтардың таулы аудандарында нөсер жаңбыр күтіледі, деп хабарлайды Jambylinfo.kz
Әсіресе, оңтүстік өңірлерде ауа райы күрделене түспек. Мұнда бұршақ жауып, желдің екпіні секундына 15–20 метрге дейін жетеді. Ал батыс аймақтарда ғана жауын-шашынсыз ауа райы сақталады.
«Қазгидромет» мәліметінше, бірқатар өңірлерде дауылды ескертулер жарияланған. Алматы қаласында жоғары өрт қаупі сақталса, Шымкентте найзағай ойнап, дауыл соғып, желдің күшеюі күтіледі.
Түркістан облысында найзағай, бұршақ және дауыл болжанып отыр. Таулы аймақтарда қатты жаңбыр жауып, желдің жылдамдығы 15–20 м/с дейін күшеюі мүмкін. Сонымен қатар, өңірде өрт қаупі де жоғары деңгейде қалып отыр.
Алматы және Жетісу облыстарында да найзағай мен екпінді жел болжанады. Кейбір аудандарда өрт қаупі сақталады. Жамбыл облысының таулы жерлерінде жаңбыр мен найзағай күтілсе, кей аумақтарда тұман түсуі мүмкін.
Орталық және солтүстік өңірлерде де ауа райы құбылмалы болады. Қарағанды мен Ұлытау облыстарында жаңбыр мен найзағай, сондай-ақ тұман байқалады. Шығыс Қазақстан және Абай облыстарында түнгі және таңғы уақытта тұман түседі.
Қызылорда облысында найзағай, дауыл және екпінді жел болжанса, кей жерлерде тұман күтіледі. Сонымен қатар, өңірдің кей бөліктерінде өрт қаупі жоғары.
Ақтөбе, Қостанай, Ақмола және Солтүстік Қазақстан облыстарында жаңбыр, найзағай, тұман және желдің күшеюі күтіледі. Ал Павлодар, Батыс Қазақстан және Маңғыстау облыстарында негізінен тұман мен екпінді жел байқалады.





