Оқу-ағарту министрі: "Педагогтерді аттестаттау қағидалары қайта қаралады"
Бұл туралы Оқу-ағарту министрлігінің баспасөз қызметі мәлімдеді
Елордада орталық атқарушы органдармен ауыл әкімдерінің диалог-платформасында сұрақ-жауап форматында өткен талқылауда Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова педагогтерді аттестаттау қағидаларын қайта қарау мәселесі пысықталып жатқанын мәлімдеді.
Кездесуде ауыл әкімдерінің тарапынан магистратура бітірген педагогтерге біліктілік санатын автоматты тағайындау жөнінде ұсыныс айтылды. Оған қатысты өз ойымен бөліскен еліміздің бас ұстазы аттестаттау аясында соңғы уақытта қоғамда үлкен пікірталас тудырған педагог-зерттеушілердің авторлық бағдарламасына қатысты да айтып өтті.

Министр кездесуде сондай-ақ шағын жинақты мектептерді қолдау шаралары күшейтілетінін де айтты. Ауылдық елді мекендердегі білімнің сапасын жақсарту, оқу үдерісінің тиімділігін арттыру үшін шаралар қабылданады. Бұл ретте педагог мамандарды тарту, оларға қолдау көрсету бағытында нақты бастамалар жүзеге асырылады.
Айта кетейік, бүгінде министрлікке педагогтерден аттестация қағидаттарын қайта қарау жөнінде көптеген ұсыныстар келіп түсуде.
Еліміздің білім беру жүйесінде 600 мыңға жуық педагог қызмет етеді.