Қосымша әлеуметтік қолдау кімдерге берілмейді? Жаңа жүйе түсіндірілді
Бұл туралы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің баспасөз қызметі мәлімдеді
Қарағанды облысы мен Шымкент қаласында отбасылардың әл-ауқатын анықтаудың баллдық үлгісі негізінде мемлекеттік қолдау шараларын тағайындау бойынша пилоттық жоба жалғасуда, деп хабарлайды Jambylinfo.kz
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметінше, бүгінде 4 мемлекеттік қызмет толық енгізіліп, 11 мыңнан астам өтініш иесіне қосымша көмек көрсетілді.
Қолданылып отырған қызметтер:
«Тұрғын үй көмегін тағайындау»
«Мүгедектігі бар балаларды үйде оқыту шығындарын өтеу»
«Жеке тұрғын үй қорынан жалға алынған үйді жалдау ақысының бір бөлігін субсидиялау»
Мысалы, тұрғын үй көмегіне 958 өтініш түсіп, барлығы қанағаттандырылды. Жалдау ақысына қатысты 496 өтініштің ішінен 169 отбасының жағдайы жоғары санатқа жатқызылды. Ал мүгедектігі бар балаларды оқытуға 219 өтініш қабылданды, оның 5-еуі – әл-ауқаты жоғары отбасылардан.
Сонымен қатар, Шымкент пен Қарағанды мектептерінің әлеуметтік педагогтары «Білім беру ұйымдарының студенттері мен тәрбиеленушілеріне материалдық көмек көрсету» қызметіне өтініштерді баллдық жүйемен қарастыруда. Бұл үшін 256 мектепте арнайы цифрлық платформа іске қосылған.
Баллдық үлгі ерекшелігі:
Отбасылар 23 әлеуметтік-демографиялық және экономикалық көрсеткіш бойынша бағаланады.
6 санат бар: аса мұқтаждан бастап, қаржылық қиындықсыз топтарға дейін.
2 және одан көп үйі, бірнеше көлігі, заңды тұлғасы немесе табысы ең төменгі күнкөріс деңгейінен 4 есе жоғары отбасылар – 6-санатқа кіріп, қосымша көмектен шеттетіледі.
Ал 1–5 санаттағы отбасыларға қолдау автоматты түрде беріледі.
Маңыздысы – бұл модель республикалық бюджеттен төленетін 41 әлеуметтік төлемге әсер етпейді. Зейнетақы, бала күтімі, көпбалалы аналарға және мүгедектік бойынша жәрдемақылар бұрынғыдай сақталады. Сондай-ақ атаулы әлеуметтік көмек пен әлеуметтік сақтандыру қорынан төленетін төлемдер көлемі өзгермейді.