Премьер-министр орта бизнесті дамыту жөніндегі жоспарлармен бөлісті
- авторБақытжан Бекболат
- 15 шілде, 2025
- 577
ҚР Премьер-министрі Олжас Бектенов Үкімет отырысынан кейінгі брифингте журналистердің сұрақтарына жауап беріп, орта бизнесті дамытуға қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды Jambylinfo.kz
Соның ішінде Президент 2029 жылға қарай орта бизнестің ел экономикасындағы үлесін 15%-ға жеткізу туралы тапсырмасы туралы сөз болды.
Олжас Бектеновтың айтуынша, қазіргі таңда шағын және орта бизнестің (ШОБ) жалпы ішкі өнімдегі үлесі 39%-ды құрайды. Бұл көрсеткіштің 32%-ы шағын бизнеске, ал 7%-ы орта бизнеске тиесілі.
«15%-ға дейін жеткізу міндеті бар. Ол үшін мемлекет тарапынан бірқатар қолдау шаралары қарастырылған. Оның бәрін іске асырамыз. Мен жаңа «Бәйтерек» холдингі туралы айтып өттім. Сол сияқты біз «Даму» қоры жанынан екі кепілдік беретін қор құрдық. Ол да өзінің оң әсерін береді деп ойлаймыз. Бірақ бұл өте күрделі және өте маңызды мәселе. Егер біз орта бизнестің тиісті үлесін қамтамасыз етсек, ол жалпы экономикалық өсімге, экономикамыздың тұрақтылығына өте жақсы әсер етеді деп ойлаймыз. Сондықтан Үкімет, жергілікті атқарушы органдар осы міндетті іске асыру үшін уақтылы жұмыс істеп жатыр», - деді Олжас Бектенов өз сөзінде.






