жұма, 5 желтоқсан, 2025 13:52

Jambylinfo.kz - Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз.

Байланыс

Президент: «Ауыл әкімдері міндетті түрде білікті маман болуға тиіс»

Президент: «Ауыл әкімдері міндетті түрде білікті маман болуға тиіс»
Aqorda
Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі мәлімдеді

Бүгін Астанада ауыл әкімдерінің республикалық диалог-платформасы өтті, деп хабарлайды Jambylinfo.kz 

Ауқымды шараға еліміздің барлық өңірінен келген 2 мыңнан астам делегат қатысты.

Жиында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев сөз сөйледі.

Президент өз сөзінде ауыл әкімдерінің кәсібилігін арттыру мәселесін ерекше атап өтті. 

«Қазіргі ауыл әкімдерінің 60 пайызға жуығы осы қызметке алғаш рет сайланды. Бұл – жергілікті билік құрамы біршама жаңарды деген сөз. Алайда сайлауда жеңіске жету – алдағы үлкен жұмыстың басы ғана. «Әкім болдым, толдым» деп отыруға болмайтыны түсінікті. Әкімдер өздерінің мықты басшы екенін іс жүзінде дәлелдеуі керек. «Басшының бағы – ел-жұрттың қамы» деп бекер айтылмаған. Нағыз елге сыйлы әкім болу үшін ауылдың ахуалын жақсы білу де аздық етеді. Халықтың сенімін ақтап, елдің береке-бірлігін нығайту үшін жұмыс істеу керек», – деді Президент.

Сонымен қатар Мемлекет басшысы кәсіби деңгейі жоғары, еңбекқор әкімдер ғана сайлаушылардың сенім артқан үмітін ақтай алатынын атап өтті. 

«Әкім мемлекеттік деңгейде жасалып жатқан өзгерістерді жергілікті жерде жүзеге асыруға қабілетті болуы қажет. Кәсіби тұрғыдан білікті әрі еңбекқор әкім сайлаушылардың сенімін ақтай алады. Сондықтан ауыл әкімдерінің басқару ісіндегі шеберлігін арттыру өте маңызды. Әкімдердің арасында бұрын билік жүйесінде жұмыс істемеген азаматтар бар екенін айттық. Олардың тәжірибесі аз екені түсінікті. Осы бағытта Amanat партиясының бастамасымен «Әкімдер мектебі» жобасы қолға алынды. Әрине, мұндай курстар жоғары білімнің орнын баса алмайды. Сондықтан университеттерде оқытылатын «Мемлекеттік және жергілікті басқару» бағдарламасын талапқа сай өзгерту керек. Ауыл-аймақтарды басқару, көшбасшылық қабілетті дамыту мәселесі назардан тыс қалған. Ал бұл жұмыспен ең алдымен Мемлекеттік қызмет істері агенттігі шұғылдануы керек. Құзырлы министрлікпен бірлесіп, ауыл әкімдерін даярлауға белсенді түрде кірісу қажет», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Айта кетейік, жиында өңіріміздің Жуалы ауданындағы Қарасаз ауылдық округінің әкімі Жанар Нұрмұратқызы да сөз сөйледі. Ол елді мекенде атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталды.

«Осы уақыт ішінде бірқатар маңызды мәселелер шешілді. Жолдар жөнделді, көше жарығы орнатылды. Бес елді мекен таза ауыз сумен қамтамасыз етілді. Мемлекеттік бағдарламалардың арқасында кәсіпкерлердің саны артып, халықтың тұрмыстық табысы ақырындап өсіп келеді. Әрине, ауыл халқының тұрмысын жақсартуда жергілікті биліктің, оның ішінде ауыл әкімдерінің жауапкершілігі өте үлкен», – деді ауылдық округ әкімі.

Сондай-ақ ол экологияны жақсарту бағытында жасалып жатқан қадамдарға тоқталды.

«Таза Қазақстан» ұлттық жобасы табиғатқа, су мен электр энергиясына, қалдықтарды басқаруға деген экологиялық мәдениетті қалыптастырады. Тазалық мәдениетін қалыптастыру үшін аудан тұрғындарына арнап ақпараттық сервисті іске қостық. Бүгінде телеграмм бот арқылы өтінімдер қабылдап, шешімін табудамыз. Жерлесіміз Елужан Момышев биыл көктемде өз ауласына күн электр стансасын орнатып, сағатына 52 кВт қуат өндіретін жүйені іске қосты. Өндірген электр қуатын Тараздағы электр компаниясына өткізіп, ел экономикасына үлес қосуда», – деді Жанар Нұрмұратқызы.

Бақытжан Бекболат
Автор

Бақытжан Бекболат

Бақытжан Бекболат

Ұқсас жаңалықтар