Президент Жолдауының нәтижесі: сауда саласы тұрақты өсім көрсетуде
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты Қазақстан халқына Жолдауында сауда саласын дамыту және елдің экспорттық әлеуетін арттыру басым бағыттардың бірі ретінде айқындалған болатын. Президент отандық тауар өндірушілердің позициясын нығайту, шикізаттық емес экспортты ұлғайту, сондай-ақ шағын және орта бизнеске қолайлы жағдай жасау жөнінде нақты міндеттер жүктеген еді.
Үкімет бұл тапсырмаларды жүзеге асыру үшін бизнесті жүргізудің ашық қағидаларын әзірлеп, ішкі сауданы дамытуға және отандық өнімнің шетелдік нарыққа шығуына қажетті инфрақұрылымды қалыптастыру жұмыстарын атқарып келеді, деп хабарлайды Jambylinfo.kz
Қабылданған кешенді шаралардың нәтижесінде салада тұрақты өсім байқалады. 2025 жылдың қаңтар–шілде айларында сауда көлемі 8,6%-ға артты, ал инвестиция көлемі жылдың І жартыжылдығында 37%-ға өсіп, 438 млрд теңгеге жетті.
Сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиевтің айтуынша, бүгінде бұл салада 800 мыңнан астам бизнес субъектісі жұмыс істеп, 1,5 миллионнан астам адамды жұмыспен қамтып отыр.
«“Айтылды – жасалды” қағидаты бойынша Мемлекет басшысының Қазақстан халқына Жолдауында айтқан тапсырмалары белсенді түрде жүзеге асырылуда», – деді министр.