Елімізде

Референдумды байқау үшін 256 ұйым аккредиттелді

Барлық деңгейдегі референдум комиссиялары республикалық референдумды өткізуге дайындық жұмыстарын аяқтады.

Бұл туралы Қазақстан Республикасы Орталық референдум комиссиясының отырысында мәлім болды, деп хабарлайды Jambylinfo.kz 

Дайындықтың негізгі бағыттарының бірі комиссия мүшелерін оқыту болды. Күнтізбелік жоспарға сәйкес, 13 наурызда оқытудың қорытынды кезеңі аяқталды. Жедел ақпаратқа сәйкес дайындық барысында 5800-ден астам оқыту семинары өткізіліп, оған әртүрлі деңгейдегі комиссиялардың 71 мыңнан астам мүшесі қатысты. Дайындық деңгейін қосымша бағалау мақсатында қашықтан онлайн-тестілеу ұйымдастырылды.

ОРК Төрағасының айтуынша, іске асырылған каскадтық оқыту жүйесі ел бойынша комиссия мүшелерін даярлаудың бірыңғай стандарттарын қамтамасыз етуге мүмкіндік берді.

Референдумға дайындық аясында заңнамада көзделген байқау жүргізуге қажетті жағдайлар қамтамасыз етілді. Референдум учаскелерінде болуға құқығы бар өкілдері қатыса алатын қоғамдық бірлестіктер мен коммерциялық емес ұйымдарды аккредиттеу жүргізілді. Бүгінгі таңда 256 ұйым аккредиттелді, оның ішінде 11-ін Орталық референдум комиссиясы, ал 245-ін аумақтық комиссиялар аккредиттеді.

Отырыс соңында дауыс беру күні Орталық референдум комиссиясы дәстүрлі түрде тікелей эфирде бұқаралық ақпарат құралдарына ел бойынша дауыс беру барысы туралы әр екі сағат сайын ақпарат беріп отыратыны атап өтілді. Ақпарат берілетін нақты уақыт алдын ала жарияланатын болады.