«Сарбаз сахнасы – 2025» бүкілармиялық фестивалінің жеңімпаздары анықталды
Бұл туралы Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметі мәлімдеді
Астанада ҚР Қарулы күштерінің шығармашылық ұжымдары арасында жыл сайын өтетін «Сарбаз сахнасы – 2025» бүкілармиялық фестивалінің жеңімпаздары мен лауреаттарын салтанатты марапаттау рәсімі өтті, деп хабарлайды Jambylinfo.kz
Қатысушыларды Қорғаныс министрінің тәрбие және идеологиялық жұмыстар жөніндегі орынбасары вице-адмирал Серік Борамбаев құттықтады.
2019 жылдан бері өткізіліп келе жатқан байқауға Құрлық әскерлері, Әуе қорғанысы күштері, Десанттық-шабуылдау әскерлері, Қару-жарақ басқармасы және Арнайы операциялар күштері бөлімшелерінен 40-тан астам өтінім келіп түсті. Оның ішінен 27 үздік нөмір таңдап алынды. Қатысушылар вокал, аспаптық орындау және биден өз шеберліктерін ортаға салды. Қазылар алқасының құрамына Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері, мемлекеттік наградалардың иегерлері және халықаралық байқаулардың лауреаттары кірді. Байқаудың Бас жүлдесін Семей қаласындағы 30217 әскери бөлімінің «Алаш» тобы жеңіп алды. Олар Кентау Назарбектің «Сен қазақсың» атты авторлық әнін орындады. Жеңіс сәтін топтың мүшесі, ҚР Қарулы күштерінің әскери қызметшісі Әсем Бауыржанқызы ерекше толқыныспен жеткізді.
«Вокал» номинациясында бірінші орынды Десанттық-шабуылдау әскерлері 32363 әскери бөлімінің Шынар Отарбаева, Санат Тұрғамбеков, Досжан Акатай, Мөлдір Ержанова, Бауыржан Молдажанов және Надыр Жолдасбековтен құралған ұжымы иеленді. «Аспаптық ансамбль» номинациясында шығармашылық жеңісті Семей қаласындағы 30217 әскери бөлімінің «Жаңа ғасыр» халық аспаптары ансамблі мен Әуе қорғанысы күштері әскери институтының әскери қызметшілері өзара бөлісті. Ал «Би ұжымы» номинациясында Десанттық-шабуылдау әскерлерінің 61993 әскери бөлімінің хореографиялық тобы үздік деп танылды.
Негізгі жүлделерден бөлек, қатысушыларға «Ынталандыру сыйлығы», «Ең үздік орындаушылық шеберлік», «Ең үздік патриоттық ән орындаушы», «Көрермен көзайымы», «Ең үздік авторлық ән орындаушы» сияқты номинациялар бойынша дипломдар табысталды.