Елімізде

Ұлағатты ана - ұлт байлығы

Бала жүрегіне білім мен тәрбие нәрін дарыту – екінің бірінің қолынан келе бермейтін ерекше өнер. Бұл – үлкен жауапкершілік пен жанқиярлықты талап ететін мамандық. Жаны ізгілікке жақын жан ғана шәкіртінің ертеңіне алаңдап, оның өмір жолына бағыт-бағдар бере алады.

Мұндай жанашыр ұстаздың бірі – Жуалы ауданы, Қайрат ауылындағы Мыңбұлақ орта мектебінің мұғалімі Сандуғаш Лесқызы. Жуырда Jambylinfo.kz тілшісі кейіпкерімізбен арнайы жолығып, сұхбаттасып қайтқан еді.

Ұстаздықты жүрекпен таңдап, бар ғұмырын білім саласына арнаған Сандуғаш Лесқызы – нағыз ұстаздар әулетінің өкілі. Әкесі – математика пәнінің, анасы – химия және биология пәндерінің мұғалімі болған. Қос ұстаздың тәрбиесін көріп өскен Сандуғаш апай үшін ұстаздық – бала кезден жүрегіне ұялаған, арманына айналған мамандық.

Сандуғаш Лесқызының айтуынша, ауыл мектебінің өзіне тән ерекшеліктері бар. Ауыл балалары шынайы, тәрбиелі, білімге құштар келеді. Мұғалім мен оқушы арасындағы сенім мен жақын қарым-қатынас – баға жетпес байлық. Олар бір-біріне қол ұшын беруге, жақсыны бірге бөлісуге әрдайым дайын.

Сандуғаш Лесқызының мақтанышы – оның шәкірттері. 40 жылдық еңбек жолында талай түлек аудандық, облыстық және республикалық деңгейде жетістікке жеткен. Ұстаз өзі үшін ең үлкен марапат – шәкірт табысы екенін айтады.

Оның пайымдауынша, бүгінгі ұстаз – тек пән үйретуші емес, сонымен қатар психолог, актер, ұйымдастырушы, рухани көшбасшы бола білуі керек. Осындай жан-жақтылық қана ұстазды шәкірттің жадында қалдырады.

Мен балаға ең алдымен сенім білдіремін. Оның бойындағы қабілетке, мүмкіндігіне күмән келтірмей, жауапкершілік жүктеймін. Сол арқылы бала өзіне сеніп, алға ұмтылады. Оларды өзіммен тең ұстаймын – бұл менің басты қағидам. Қуанса – бірге қуанып, мұңайса – жанына серік болуға тырысамын. Шынайы қарым-қатынас қана шын жүректен шыққан білімге жол ашады деп білемін.

Бүгінгі қоғамда мұғалімнің кәсіби келбеті мен атқаратын рөлі жаңа қырынан қарастырыла бастады. Білім беру жүйесіндегі өзгерістер, заманауи талаптар мен технологиялық даму ұстаздан тек пәндік біліммен шектелмей, жан-жақты құзыретті болуды талап етеді. Әсіресе, оқушының тұлға ретінде қалыптасуына ықпал ету, оны өз бетімен ойлауға, шешім қабылдауға және өмірге бейімдеуге бағыт беру – мұғалімнің негізгі міндеттерінің бірі ретінде қарастырылуда.