Елімізде

Соңғы 5 жылда тіркелген ауыл шаруашылығы кооперативтерінің саны 53%-ға өскен

Бұл туралы Ауыл шаруашылығы министрлігінің баспасөз қызметі мәлімдеді.

Астанада Сәкен Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық зерттеу университеті базасында елімізде ауыл шаруашылығы кооперациясын дамытуға арналған республикалық семинар-кеңес өтті, деп хабарлайды Jambylinfo.kz 

Іс-шара Мемлекет басшысының кооперацияның тиімді әрі тұрақты моделін қалыптастыратын жаңа салалық заң әзірлеу жөніндегі тапсырмасын іске асыру аясында ұйымдастырылды. Оған ауыл шаруашылығы вице-министрі Ермек Кенжеханұлы, Президент Әкімшілігінің, «Amanat партиясы», Атамекен Ұлттық кәсіпкерлер палатасы, БҰҰ-ның Азық-түлік және ауыл шаруашылығы ұйымы (ФАО), Халықаралық көші-қон ұйымы (ХКҰ), бизнес қауымдастық өкілдері, ғалымдар және жергілікті атқарушы органдардың басшылары қатысты.

Вице-министр кооперацияның дамуын тежейтін негізгі мәселелерді де алға тартты. Мәселен, халық арасында ұжымдық шаруашылық жүргізудің артықшылықтары туралы жүйелі түсіндіру жұмыстарының әлсіздігі, басқарушылық құзыреттердің жеткіліксіздігі, қаржылық мүмкіндіктердің шектеулілігі және басқа да факторлар бар.

Жиын барысында кооперативтерді құрудың негізгі мақсаты өндіріс көлемін арттыру, сервистік қызметтерді қамтамасыз ету және бірлескен қайта өңдеуді ұйымдастыру мүмкіндіктерін кеңейту екені баса айтылды.

Қазіргі таңда елімізде 1,6 млн жеке қосалқы шаруашылық (ЖҚШ) бар. Бүгінде сүттің 61%-ын және еттің 44%-ын өндіретін осы қосалқы шаруашылықтар ауыл тұрғындарын жұмыспен қамтуда да маңызды рөл атқарып отыр.

Атап өтерлігі, құрамына мүдделі мемлекеттік органдар, қаржы институттары, ғылыми қауымдастық және салалық одақтар кіретін жұмыс тобы түрлі бастамаларды, соның ішінде мүшелік мүмкіндіктерін кеңейту және мемлекеттік қолдау шараларын жетілдіру мәселелерін қарастыруда.

Семинар-кеңес қатысушылары кооперацияның «тірек» моделін енгізудің қажеттілігін қолдай отырып, оның ауылдық аумақтарды дамытудағы тәжірибелік маңыздылығына тоқталды.

Кездесу қорытындысы бойынша бірқатар ұсынымдар әзірленіп, олар уәкілетті мемлекеттік органдарға жолданатын болады.