Елімізде

Су инфрақұрылымын жаңғырту: 2026 жылы 103 каналға реконструкция жасалады

Бұл туралы Су ресурстары және ирригация министрлігінің баспасөз қызметі мәлімдеді

Орталық коммуникациялар қызметінің алаңында Су ресурстары және ирригация вице-министрі Аслан Абдраимов Мемлекет басшысының «Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан: өзекті мәселелер және оны түбегейлі цифрлық өзгерістер арқылы шешу» атты Жолдауында берілген тапсырмаларды іске асыру барысы жөнінде баяндады, деп хабарлайды Jambylinfo.kz

Министрлік Су ресурстарының ұлттық ақпараттық жүйесін әзірлеуді қолға алды. Жоба 2026 жылдың соңына дейін аяқталады. Қаржыландыру Еуразиялық даму банкінің Цифрлық бастамалар қоры ұсынған грант есебінен жүргізіліп жатыр.

Жүйеде жерүсті және жерасты суына, гидротехникалық құрылысжайлар мен өзге де су шаруашылығы нысандарына қатысты деректер цифрландырылады. Ал алдағы уақытта жасанды интеллект пен ғарыштық мониторинг деректерін енгізу жоспарланып отыр. Бұл елдің су балансын айқындауға, халық пен экономиканың нақты қажеттіліктерін анықтауға, сондай-ақ су ресурстарын пайдалануды талдап, бақылауға мүмкіндік береді.

2025 жылдың басынан бастап Қазақстанда БҰҰ Даму бағдарламасының қолдауымен өзен бассейндерін модельдеуге, су қоймаларын басқаруға және әртүрлі климаттық әрі су шаруашылығы жағдайында ағынды болжауға арналған заманауи TALSIM-NG гидрологиялық моделі енгізіліп жатыр. Қазіргі уақытта Есіл, Нұра, Жайық және Сырдария өзендерінің бассейндері бойынша модельдеу аяқталды.

Сонымен қатар суармалы су жеткізуге өтінім беру, келісімшарт жасау және төлем жүргізу үдерістерін автоматтандыруға арналған биллинг жүйесі әзірленіп жатыр. Бұл жүйе арқылы «Қазсушар» РМК шаруалармен электронды келісімшарттар жасасып, ал диқандар банктердің мобильді қосымшалары арқылы төлем жасай алады.

2026 жылдан бастап 103 каналды реконструкциялау мен автоматтандыру басталады. Бұдан бөлек, 264 каналға қатысты жобалау-сметалық құжат дайындалып жатыр. Жұмыстар 2028 жылға дейін аяқталады деп күтіліп отыр. Бұл 2030 жылға қарай су инфрақұрылымы объектілерінің кемінде 40%-ын цифрлық технологиялармен қамтуға мүмкіндік береді.