Түркістанда салынып жатқан екі су қоймасының құрылысы аяқталуға жақын
Бұл туралы Су ресурстары және ирригация министрлігінің баспасөз қызметі мәлімдеді
Түркістан облысында «Бәйдібек-ата» және «Қарақуыс» су қоймаларының құрылысы жалғасып жатыр, деп хабарлайды Jambylinfo.kz
Көлемі 68 млн текше метр болатын «Бәйдібек-ата» су қоймасы Түркістан облысының Бәйдібек ауданында, Балабөген мен Үлкен Бөген өзендерінің қосылатын жерінде, жалпы аумағы 860 гектар болатын жерде салынып жатыр. Су қоймасы бөгетінің ұзындығы – 1,75 шақырым, биіктігі – 26 метр.
Бұл нысан тасқын суды жинап, вегетация кезеңінде қосымша су көлемін Бөген су қоймасына тиімді бағыттауға мүмкіндік береді. Қазіргі таңда жоба бойынша құрылыс жұмыстары 75 пайызға орындалған.
«Бәйдібек-ата» су қоймасынан Бөген су қоймасына су беру үшін «Сарқырама» каналы салынып жатыр. Ұзындығы 21,7 шақырым болатын бұл канал секундына 12 текше метрге дейін су өткізе алады және 2,5 мың гектар суармалы алқапты суармалы сумен қамтамасыз етеді. Бүгінде ұзындығы шамамен 21 шақырым болатын учаскеде жұмыстар толық аяқталды.
Ал көлемі 1,2 млн текше метрді құрайтын «Қарақуыс» су қоймасы Түркістан облысының Төлеби ауданында салынып жатыр. Қазіргі уақытта құрылыс-монтаж жұмыстары 90 пайызға аяқталған. Бұл нысан 500 гектар суармалы жерді сумен қамтуға мүмкіндік береді.