Таразда бір ғана мамандандырылған ХҚКО жұмыс істейтін болады
Аталған өзгерістер мемлекеттік қызмет көрсету сапасын арттыру, қолжетімділікті жақсарту және жұмыс процестерін оңтайландыру мақсатында қолға алынған.
«Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының Жамбыл облысы бойынша филиалы Тараз қаласының тұрғындарын маңызды өзгерістер туралы хабардар етті, деп хабарлайды Jambylinfo.kz
2026 жылғы 6 сәуірден бастап қаладағы №1 және №2 мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталықтары біріктіріліп, енді азаматтарға қызмет көрсету бір ғана мекенжайда жүзеге асырылады.
Бөлімдерді біріктіру процестерді оңтайландыру, сондай-ақ мемлекеттік қызметтерді көрсету сапасы мен қолжетімділігін арттыру мақсатында жүргізілді.
Еске салсақ, бұған дейін қаланың мамандандырылған ХҚКО-лары екі түрлі мекенжайда орналасқан болатын. Қойгелді көшесі, 158А мекенжайында орналасқан №2 мамандандырылған ХҚКО жаңа мекенжайға — Төле би көшесі, 198А-ға көшірілді. Енді бір ғана мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталығы жұмыс істейді.
Айта кетейік, Тараз қаласының мамандандырылған ХҚКО-сы автокөлік иелеріне арналған барлық қызмет түрлерін бұрынғыдай көрсетуді жалғастырады.
Сондай-ақ, Тараз қаласының мамандандырылған ХҚКО-сы кезекші кесте бойынша жұмыс істейді: дүйсенбі-жұма күндері сағат 9:00-ден 18:00-ге дейін, дайын құжаттарды беру 20:00-ге дейін жүзеге асырылады. Сенбі күні азаматтарды қабылдау 9:00-ден 12:00-ге дейін, құжаттарды беру 13:00-ге дейін жүргізіледі.