Елімізде

«Таза Қазақстан»: 1,6 млрд ағаш отырғызылды

Бұл туралы Үкіметтің баспасөз қызметі мәлімдеді.

Премьер-министр Олжас Бектенов Мемлекет басшысының «Таза Қазақстан» бастамасын жүзеге асыру барысына мониторинг жүргізу орталығының отырысын өткізді, деп хабарлайды Jambylinfo.kz 

Онда көгалдандыру, оның ішінде орман алқаптарын құру, өңірлерде экологиялық жобаларды жүзеге асыру мәселелері қаралды.

Экология және табиғи ресурстар минисрі Ерлан Нысанбаев еліміздегі орман қоры және Арал теңізінің құрғаған түбіне ағаш отырғызу жұмыстарының барысы туралы баяндады. Жергілікті атқарушы органдарға ерекше жүктеліп, экологиялық іс-шараларды өткізу, аумақтарды абаттандыру, рұқсат етілмеген қоқыс орындарын жою және «Таза Қазақстан» бастамасын жүзеге асыруға халықты экологиялық акцияларға тарту жұмыстарын ұйымдастырып, үйлестіруге тиіс екені атап өтілді. Осы орайда Ақмола, Шығыс Қазақстан, Қызылорда, Маңғыстау, Ұлытау облыстарының және Шымкент қаласының әкімдері баяндама жасады.

Экология және табиғи ресурстар министрлігінің деректері бойынша 2021-2025 жылдар аралығында республикада шамамен 1,6 млрд ағаш отырғызылды, ал биыл 210 млн-нан астам көшет егу жоспарлануда. Жалпы ауданы 2,7 мың гектар болатын 243 орман тәлімбағында шамамен 157 млн көшет өсірілуде. Осы жылы тағы 6 жобаны жүзеге асыру жоспарлануда, олардың әрқайсысының өндірістік қуаты жылына 6 млн көшетті құрайды.

Арал өңірінің экожүйесін қалпына келтіру шеңберінде 2021-2025 жылдары мелиорациялық орман жұмыстары 1 млн гектардан астам алқапта жүргізілді, ал қазіргі уақытта 165 мың гектар алқапта жалғасуда. Ғылыми сүйемелдеуді қамтамасыз ету мақсатында өңірде Қазақ орман шаруашылығы және агроорман мелиорациясы ғылыми-зерттеу институтының филиалы құрылды. Арал теңізінің құрғаған түбінде тәлімбақ құрылысы жүргізілуде. Сонымен қатар «Арал Орманы» мемлекеттік табиғи резерватын құру аяқталуда.

Премьер-министр мемлекеттік органдар мен әкімдіктердің назарын мәлімделген жоспарларды орындауға ғана емес, сондай-ақ егілген ағаштардың көп көлемде жерсініп кетуін қамтамасыз ету қажеттігіне де аударды. Осыған байланысты Экология және табиғи ресурстар министрлігі әкімдіктермен бірлесіп, көшеттердің жерсініп кетуін міндетті түрде қадағалай отырып, биылға жоспарланған отырғызу көлемін жүзеге асыруды қамтамасыз етуі тиіс. Сондай-ақ, Мемлекет басшысы жариялаған цифрландыру жылын ескере отырып, жерді қашықтықтан зондтау, дрондар мен ЖИ элементтері сынды цифрлық шешімдерді белсенді енгізу тапсырылды. Былғы сәуір айының соңына дейін Қызылорда және Түркістан облыстарындағы Арал теңізінің құрғатылған түбінің 165 мың алаңында мелиорациялық орман жұмыстарын аяқтау міндеті қойылды.

Орман тәлімбақтары желісін дамытуға ерекше назар аударылуда. Премьер-министр Алматы, Қостанай, Павлодар, Шығыс Қазақстан және Абай облыстарында орман тәлімбақтары құрылысын жеделдетуді және алдағы уақытта өңірлерде сапалы көшет қорының болуы үшін жабық өсіру жүйесі бар көшеттерді өсірудің орнықты жүйесін құруды қамтамасыз етуді тапсырды.

Одан басқа қалдықтарды кәдеге жарату мәселелері қаралды. Бүгінгі таңда 185 млрд теңгеге жеңілдетілген қаржыландыру қарастырылған болса, соның ішінде 90 млрд теңгеден астам сомаға 26 жоба жүзеге асырылуда. Әкімдіктерге жоспарланған іс-шаралардың уақтылы орындалуын қамтамасыз ету, сондай-ақ жер қойнауын пайдаланушылармен бірлесіп, карьерлер аумақтарының 40%-дан астамын, оның ішінде санитариялық қорғау аймақтарының шекараларында көгалдандыру жұмыстарын жүргізу тапсырылды.

23 наурызда «Мөлдір бұлақ» республикалық акциясы басталады, оның шеңберінде бұлақтар мен жағалау аумақтарын тазарту, сондай-ақ 700-ден астам әлеуетті су нысандарын түгендеу жоспарланып отыр.

«Таза Қазақстан» бастамасын одан әрі жүзеге асыру осы жылға арналған экологиялық акциялардың жаңа циклінің кестесіне сәйкес жүргізіледі. 

Жиында Өңірлік экологиялық саммитке дайындық барысы да қаралды. Іс-шара экология саласындағы халықаралық ынтымақтастықты дамыту үшін маңызды алаңға айналатыны атап өтілді.