Елімізде

"Тергеу толық және жан-жақты жүргізілетін болады": облыс әкімі Алғабаста болған өртке қатысты мәлімдеме жасады

Бұл туралы Түркістан облысы әкімдігінің баспасөз қызметі мәлімдеді

Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров Жетісай ауданына шұғыл барып, өрттен қайтыс болған отбасының жақындарына көңіл айтты, деп хабарлайды Jambylinfo.kz 

Оқиға болған үйді көріп, құзырлы орган басшылары мен жауапты тұлғаларға тиісті тапсырмалар берді. Аудандық ауруханаға барып, өрттен аман қалған тұрғындардың жай-күйімен танысты. 

Өңір басшысы Президент тапсырмасымен үкіметтік комиссия құрылғанын, зардап шеккендерге тиісті көмектер берілетінін жеткізді.

18 қарашада таңертең Түркістан облысы ТЖД-нің «101» пультіне Жетісай ауданының Алғабас ауылында орналасқан екі қабатты жеке тұрғын үйдің өртенгені туралы хабарлама түсті.

Оқиға орнына өрт сөндіру бөлімі келген кезде тұрғын үйдің толықтай өртке оранғаны анықталды. Өрт 360 шаршы метр аумақта толық сөндірілді. 

Өртті барлау және сөндіру барысында үйдің ішінен ес-түссіз күйдегі үш адам эвакуацияланып, жедел медициналық жәрдем бригадасына тапсырылды. Үйдің ішінен тоғыз баланы қоса алғанда, барлығы 12 адамның денесі табылды.

Оқиға орнында аудан әкімі, аудандық прокурор, полиция және төтенше жағдайлар бөлімдерінің басшылары жұмыс істеп жатыр. Жедел жағдайды бағалау және көмек көрсету мақсатында ауданға облыс әкімі, Төтенше жағдайлар департаментінің бастығы және облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы келді.

Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша облыс әкімі жетекшілік ететін арнайы жұмыс тобы құрылды. Зардап шеккендерге медициналық және психологиялық көмек көрсетілуде.

Оқиға орнында барлық жедел қызметтер жұмыс істеп жатыр. Тергеу басталды, өрттің шығу себептері анықталуда.