Өткен жылы 95 елдімекенде 350 мың адам газбен қамтамасыз етілді – Энергетика министрі
Жұмыстар географиясы Қазақстанның барлық аймағын қамтыды.
Үкіметтің қорытынды баспасөз конференциялары аясында энергетика министрі Ерлан Ақкенженов Президенттің елді мекендерді газбен қамту жөніндегі тапсырмаларын орындау нәтижелері туралы баяндады, деп хабарлайды Jambylinfo.kz
Ол Мемлекет басшысының инфрақұрылымды жаңғырту бойынша қойған міндеттерін жүзеге асыру тұтынушыларды газбен жабдықтау қызметтерімен қамтуды арттыруға мүмкіндік бергенін айтты.
Жұмыстар географиясы Қазақстанның барлық аймағын қамтыды. Ақмола облысында 100 мыңнан астам тұрғын тұратын Қосшы қаласы мен Талапкер ауылы газбен қамтылды. Астанада газбен қамту деңгейі шамамен 97%-ға жетіп, ірі тұрғын алаптары қосылды. Жыл соңына дейін Үркер шағын ауданында газ желілерін тарту жұмыстары толық аяқталады.
Оңтүстік өңірлерді дамыту жөніндегі тапсырмаларды орындау бойынша Түркістан облысында 100 мың тұрғын газбен қамту аясында құны 10 млрд теңгеден астам жобалар жүзеге асырылды. Жетісу облысында ұзындығы 300 шақырым «Талдықорған – Үшарал» магистралды газ құбыры пайдалануға берілді. Жамбыл облысында да газ құбырларын жүргізу жұмыстары белсенді жүргізілуде.
Батыс Қазақстан облысында «Ростоши – Тайпақ» жоғары қысымды газ құбырының құрылысы басталды, бұл Ақжайық және Теректі аудандарының жылдар бойғы газ тапшылығын шешуге мүмкіндік береді.