Құқық қорғау органдары академиясына жаңа ректор тағайындалды
- авторБақытжан Бекболат
- 3 қазан, 2025
- 415
Қазақстан Республикасы Бас Прокурорының бұйрығымен Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының жанындағы Құқық қорғау органдары академиясының ректоры лауазымына Нұрғалым Мәжитұлы Әбдіров тағайындалды, деп хабарлайды Jambylinfo.kz
Осыған орай Бас Прокурор Берік Асылов X әлеуметтік желісінде жазба жариялады. Ол Құқық қорғау органдары академиясының ұжымына жаңа ректор – 3-сыныпты мемлекеттік әділет кеңесшісі, PhD докторы Нұрғалым Мәжитұлы Әбдіровті таныстырғанын хабарлады.
Бас Прокурордың айтуынша, Нұрғалым Әбдіров – өңірлік деңгейде де, сондай-ақ Бас прокуратура құрылымында да басшылық қызметтер атқарған, мол тәжірибесі бар білікті прокурор.
Бас прокурор Академия алдына бірқатар стратегиялық маңызды міндеттерді қойды:
Білім беру бағдарламаларын жаңғырту, оның ішінде жасанды интеллект технологияларын кеңінен енгізу;
Киберқылмыс пен заманауи қауіп-қатерлерге қарсы күрес жүргізе алатын, жасанды интеллектті тиімді меңгерген сертификатталған құқық қорғау мамандарын даярлау;
Ғылыми зерттеулердің қолданбалы сипатын арттыру;
Академияның ғылыми басылымдарының халықаралық деңгейде мойындалуын қамтамасыз ету;
Курсанттар арасында тәртіптілік, мемлекетке адалдық, жоғары қызметтік жауапкершілік сияқты жеке қасиеттерді дамыту;
Шетелдік бейінді білім беру ұйымдарымен ынтымақтастықты кеңейту.
Берік Асылов бұл өзгерістер Құқық қорғау органдары Академиясын прокуратура мен өзге де құқық қорғау құрылымдары үшін кәсіби кадрлар мен ғылыми-зерттеу орталығына айналдыруға мүмкіндік беретініне сенім білдірді.






