бейсенбі, 25 желтоқсан, 2025 18:02

Jambylinfo.kz - Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз.

Байланыс

«Заң мен тәртіп»: Олжас Бектенов ведомствоаралық комиссия отырысын өткізді

«Заң мен тәртіп»: Олжас Бектенов ведомствоаралық комиссия отырысын өткізді
Үкіметтің баспасөз қызметі
Жиында мереке күндеріндегі қауіпсіздік шаралары, жаңартылған тиісті заңнама нормаларын енгізу, сондай-ақ 2026 жылға арналған жоспар және Президенттің «Заң мен тәртіп» тұжырымдамасы шеңберінде атқарылған жұмыстардың нәтижелері қаралды.

Премьер-министр Олжас Бектенов құқық бұзушылықтың алдын алу жөніндегі ведомствоаралық комиссия отырысын өткізді, деп хабарлайды Jambylinfo.kz 

Төтенше жағдайлар министрі – Шыңғыс Әрінов, оқу-ағарту министрі – Жұлдыз Сүлейменова, еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі – Светлана Жақыпова, ішкі істер министрінің орынбасары Игорь Лепеха, Бас прокуратура, Ұлттық қауіпсіздік комитеті және Қаржы мониторингі агенттігінің өкілдері қатысты. Сондай-ақ жиында Түркістан облысы мен Астана қаласы әкімдіктері басшылығының баяндамасы тыңдалды.

Мереке күндері Қазақстанда қоғамдық тәртіпті қорғау және өрт қауіпсіздігін бақылау күшейтіліп, резервтік күштер дайындыққа келтірілді. Ішкі істер министрінің орынбасары Игорь Лепеха көшелердегі полиция патрульдері тығыздығының артуы және стратегиялық нысандарда, азаматтар көп жиналатын орындарда тәулік бойы кезекшілік ұйымдастыру туралы баяндады.

 Ел өңірлерінде барлығы 1 мыңнан астам бұқаралық іс-шара жоспарланған, олардың басым бөлігі балалардың қатысуымен өтеді. Осыған байланысты Премьер-министр Ішкі істер министрлігіне Төтенше жағдайлар министрлігімен бірлесе отырып, жоспарланған іс-шаралардың қауіпсіз өткізілуін қамтамасыз ету үшін барлық қажетті шараларды қабылдауды және тәулік бойы патрульдік және кезекші құрамның жұмысын ұйымдастыруды тапсырды.

«Біздің міндет – іс-шаралар өтетін жерлерде құқық бұзушылықтар мен қылмыстардың алдын алу жұмыстарын қамтамасыз ету. Көшелер мен қоғамдық орындарда қылмыстардың профилактикасының тиімді жүйесін құрған жөн. Жағдайды бақылауға алып, оның ішінде бейнекамералар арқылы визуалды бақылау ұйымдастыру қажет. Қажет болған жағдайда оқиғаларға шұғыл әрекет ету шараларын қамтамасыз етіңіздер. Сондай-ақ адамдар көп жиналатын нысандарда лаңкестік шабуылдардың алдын алу үшін кешенді профилактикалық шаралар қабылдансын. ІІМ мен ТЖМ-ға күшейтілген режимде жұмыс істеу тәртібіне көшуді тапсырамын», — деп тапсырды Премьер-министр.

Мереке күндері өрт қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселесіне де көңіл аударылды. Іс-шаралардың басым бөлігі адамдар көп жиналатын нысандарда, сондай-ақ ойын-сауық және қоғамдық орындарда өтеді. Оның ішінде пиротехникалық өнімдер де қолданылады. Бүгінде айналымнан 700 бірліктен астам және 97 қорап сертификатталмаған пиротехника алынды. Мереке қарсаңында тағы бір мәрте «Құқықтық тәртіп» профилактикалық іс-шараларын өткізу тапсырылды. Оның аясында пиротехникалық өнімдерді сақтау және сату орындарына рейдтер ұйымдастырылатын болады.

Өрт қауіпсіздігінің тиісті деңгейін қамтамасыз етуге баса назар аударылды. ТЖМ күштерімен адамдар көп жиналатын 7 мыңнан астам нысанға тексеру жүргізілді және өрт қауіпсіздігі бойынша анықталған заңбұзушылықтар жойылды. Жаңа жылдық іс-шаралар өткізілетін орындар тексеріліп, пайдалануға рұқсат берілді. Халықтың әлеуметтік осал санатындағы азаматтар тұратын тұрғын үйлерде өртке қарсы датчиктерді монтаждау жалғасуда. Қазіргі уақытта 36 мыңнан астам қорғаныс құрылғылары орнатылған.

Премьер-министр Іс-шаралар өткізілетін нысандардағы қауіпсіздіктің тиісті деңгейін қамтамасыз етуді тапсырды. Осы мақсатта нысандарда алдын ала тексеру, қызметкерлерге тиісті нұсқаулар беру, оқу-жаттығу жұмыстарын жүргізу қажеттігіне назар аударды. Әсіресе өрт сөндіру құралдары мен гидранттардың жарамдылығын тексеру қажет. Ауа райына қарамастан, адамдар көп жиналатын нысандарға баратын жолдар тәулік бойы ашық болуы керек. ТЖМ мен ІІМ бірлесіп, тиісті шаралар қабылдауы тиіс. Сонымен қатар адамдарды шұғыл эвакуациялау бойынша іс-қимылдарды пысықтап, қажет болса, қосымша оқу-жаттығуларын өткізу қажет.

Мағжан Орынбасар
Автор

Мағжан Орынбасар

jambylinfo.kz сайтының авторы

Ұқсас жаңалықтар