Жастарға тосын мүмкіндік: мемлекет 1 пайыздық несие беріп жатыр
Қазақстанда жас мамандарға арналған «Дипломмен ауылға» бағдарламасы бойынша 1 пайыздық мөлшерлемемен тұрғын үй алу мүмкіндігі берілуде.
Бұл бастама ауылдық жерлерге білікті кадрларды тартуға және олардың сол жерде тұрақтауына бағытталған, деп хабарлайды Jambylinfo.kz
Бағдарламаға білім беру, денсаулық сақтау, әлеуметтік қорғау, ауыл шаруашылығы, мәдениет, спорт салаларында еңбек етіп жүрген мамандар, сондай-ақ ауылдық округ әкімдіктерінде қызмет атқаратын мемлекеттік қызметкерлер қатыса алады (әкімдер мен олардың орынбасарларын қоспағанда).
Өтінімдер Baspana Market онлайн платформасында қабылданады. Ол үшін үміткер жеке кабинетке кіріп, өтінім формасын толтырып, жауапты күтеді.
Бағдарлама шарттары:
Бір реттік бастапқы жарна – 100 АЕК (2025 жылы шамамен 393 200 теңге);
Жылдық пайыздық мөлшерлеме – 1%;
Несие сомасы – өңірге қарай 2 500 АЕК-ке дейін (шамамен 9,83 млн теңге);
Қарыз мерзімі – 15 жылға дейін.
Қатысушыларға қойылатын талаптар:
Орта, арнаулы орта немесе жоғары оқу орнын тәмамдағаны туралы дипломның болуы;
Маман өз өңіріндегі ауылдық елді мекенде кемінде үш жыл жұмыс істеуге міндеттеледі;
Бұрынғы несиелер бойынша берешектің болмауы қажет.
Бағдарлама ауылдық аймақтардағы жас мамандарға баспаналы болып, кәсіби тәжірибе жинауға зор мүмкіндік береді.