Елімізде

ЖИ технологиялары экономиканың барлық салаларында енгізілуде

Жүйе нысандардың нақты жағдайын бекітілген жобалық құжаттамамен салыстырады. Бұл сәйкессіздіктерді анықтау уақытын 3 жұмыс күнінен 4 сағатқа дейін қысқартуға және заңсыз құрылыс қаупін азайтуға мүмкіндік береді.

ҚР өнеркәсіп және құрылыс министрі Ерсайын Нағаспаев Үкімет отырысында өзі жетекшілік ететін салаларға жасанды интеллект енгізу бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы баяндады, деп хабарлайды Jambylinfo.kz

Ол құрылыс саласында жобалаудан бастап құрылыс барысын бақылауға дейінгі барлық кезеңде ЖИ енгізіліп жатқанын хабарлады. Жоспарлау және қала құрылысы кезеңінде цифрлық бас жоспарлар мен егжей-тегжейлі жоспарлау жобасының (ЕЖЖ) жүзеге асырылуын бақылау үшін жасанды интеллектпен ұштастыра отырып, «компьютерлік көруді» қолдану бойынша пилоттық жоба іске қосылды.

Жүйе нысандардың нақты жағдайын бекітілген жобалық құжаттамамен салыстырады. Бұл сәйкессіздіктерді анықтау уақытын 3 жұмыс күнінен 4 сағатқа дейін қысқартуға және заңсыз құрылыс қаупін азайтуға мүмкіндік береді.

Сонымен қатар, «Қазақтелекоммен» бірлесіп қалалардың цифрлық сыңарларын жасау үшін дрондарды пайдалану қолға алынуда. Жобалау және мемлекеттік сараптама кезеңінде BIM-жобаларды тексеру үшін жасанды интеллект енгізу жоспарлануда. Ол үшін құрылыс нормативтері машинамен оқылатын форматқа ауыстырылады, бұл жобаларды алдын ала тексеруге және сараптама мерзімдерін қысқартуға мүмкіндік береді.

Министр өнеркәсіпте жасанды интеллект қазірдің өзінде сапаны бақылау және өндірістік процестерді оңтайландыру үшін қолданылатынын айтты. Сондай-ақ, тау-кен өнеркәсібінде жасанды интеллект негізіндегі шешімдер енгізілуде.