Ақ үй маңындағы атыс: жарақат алған 20 жастағы сарбаз көз жұмды
- авторБақытжан Бекболат
- 28 қараша, 2025
- 165
Президент Трамп 20 жастағы Сара Бекстром алған жарақаттарынан көз жұмғанын мәлімдеді, деп хабарлайды Jambylinfo.kz BBBC-ге сілтеме жасап.
Ұлттық гвардияның екінші жараланған жауынгері — 24 жастағы Эндрю Вульф. Оның жағдайы өте ауыр күйінде қалып отыр.
Әскери қызметкерлерге Вашингтонның орталығында сәрсенбі күні, шамамен жергілікті уақытпен 14:00-де (Гринвич уақытымен 19:00) жақын қашықтықтан оқ атылған. Полиция күдіктілердің бірін — 29 жастағы Ауғанстан тумасы Рахманулла Лаканваланы ұстап үлгерді.
Президент Трамп Сара Бекстромның қазасын бейсенбі кешкісін Алғыс айту күніне орай АҚШ әскери қызметкерлеріне жолдаған үндеуінде растады.
«Біз сөз етіп отырған гвардияшылардың бірі — Батыс Вирджиниядан шыққан Сара Бекстром. Ол жас, керемет, құрметті жан еді. 2023 жылдың маусымында қызметке кіріп, өзін барлық жағынан ерекше көрсеткен. Қайтыс болды. Енді арамызда жоқ», — деді ол.
Бас прокурор Пэм Бонди Fox News арнасына 20 жастағы Сара Бекстромның Алғыс айту күні өз еркімен қызметке шыққанын айтты.
Ол Эндрю Вульфпен бірге түскі уақытта кеңсе қызметкерлері көп жиналатын, астананың орталығындағы қарбалас ауданды патрульдеп жүрген.
Оқиға орны Ақ үйден бірнеше көшенің ғана қашықтығында болғандықтан, құқық қорғау органдарының қызметкерлері тез арада жетіп, екі жараланған әскери қызметкерге көмек көрсетіп, шабуыл жасаған адамды ұстап үлгерді.






