жұма, 5 желтоқсан, 2025 13:58

Jambylinfo.kz - Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз.

Байланыс

АИТВ-ның емі табылды ма? Неміс ғалымдар таңғаларлық жаңалық ашты

АИТВ-ның емі табылды ма? Неміс ғалымдар таңғаларлық жаңалық ашты
istockphoto.com
Германияның Кельн университеттік клиникасында адамның иммун тапшылығы вирусына (АИТВ) қарсы жаңа антидене анықталды. Зертхана жағдайында ол инфекцияның таралуын тоқтатып, вирусты бейтараптандыра алды.

Ғалымдар бұл жаңалық ЖИТС-пен күресте жаңа мүмкіндік береді деп үміттенеді, деп хабарлайды Jambylinfo.kz 

1981 жылы алғаш анықталған АИТВ-дан бері әлемде 44 миллион адам көз жұмды. Соңғы жылдары ақпараттандыру мен емдеу шараларының арқасында өлім-жітім азайғанымен, індетті тоқтату мүмкін болмай отыр. 2024 жылы әлем бойынша 630 мың адам ЖИТС-тен қайтыс болған.

Флориан Кляйн жетекшілік ететін зерттеу тобы АИТВ жұқтырған 32 адамның қан үлгісін зерттеген. Барлығы 800-ден астам түрлі антидене тексерілген. Нәтижесінде 04_A06 деп аталатын антидене ерекше тиімділік көрсеткен. Ол вирустың жасушаға ену жолын бөгеп, оның ағзаға таралуына жол бермейді.

Ғалымдар антидененің генетикалық кодын анықтап, зертханада қайта жасап шығарды. Енді оны алу үшін науқастардан қан алу қажет емес — арнайы жасушалар антиденені өздігінен өндіре алады.

Адам иммундық жүйесі енгізілген зертханалық тышқандарға жүргізілген тәжірибелерде 04_A06 антиденесі вирустың 98 пайыз түрін бейтараптандырды. Ол басқа антиденелерге төзімді нұсқаларға да әсер еткен.

Антидене вирустың жасушаға енуін бөгеп қана қоймай, иммундық жүйеге оны тезірек тануға және жоюға көмектеседі. Сондай-ақ ол АИТВ жұқтырудың алдын алу үшін де қолданылуы мүмкін.

Қазіргі таңда АИТВ-ға қарсы тиімді вакцина жоқ. Зерттеушілер мРНҚ-вакцина арқылы иммундық жүйені белсендіру жолдарын зерттеп жатыр.

Бүгінде АИТВ емдеуге арналған түрлі дәрілер бар, бірақ оларды күн сайын қабылдау қажет. Ал 04_A06 антиденесін пайдалану арқылы профилактиканы әр алты ай сайын жасауға болады.

Мюнхен техникалық университетінің профессоры Кристоф Шпиннер бұл нәтижелер әзірге зертханалық деңгейде екенін айтты. Антидененің адам ағзасында әсері мен қауіпсіздігі әлі зерттеліп жатыр.

Цюрих университетінің вирусологы Александра Тркола да қорытынды жасауға ерте екенін, бірақ алынған деректердің үміт күттіретінін атап өтті.

"Бұл антидене болашақта инъекция түрінде енгізілетін дәріге айналса, емдеу мен алдын алу айтарлықтай жеңілдер еді," – дейді ғалым.

Бақытжан Бекболат
Автор

Бақытжан Бекболат

Бақытжан Бекболат

Ұқсас жаңалықтар