БҰҰ-дағы текетірес: АҚШ пен Қытай Украина мәселесіне байланысты дауласып қалды
БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің отырысында Украинадағы соғысқа байланысты АҚШ пен Қытай арасында қызу пікірталас туындады.
Вашингтон Пекинді Ресейге көмектесіп жатыр деп айыптаса, Қытай бұл мәлімдемелерді үзілді-кесілді жоққа шығарды, деп хабарлайды Jambylinfo.kz ақпарат агенттігі ArbatMedia-ға сілтеме жасап.
АҚШ-тың БҰҰ жанындағы уақытша өкілі Дороти Ши Қытайдың Ресей агрессиясына жанама түрде ықпал етіп отырғанын мәлімдеді. Оның айтуынша, Пекин экспортқа қатаң бақылау жүргізіп отырғанын айтқанына қарамастан, ресейлік дрондар мен қару-жарақтардан әлі де қытайлық бөлшектер табылып жатыр.
Қытай тарапынан жауап берген Гэн Шуан Пекиннің қақтығысқа қатысы жоқ екенін және ешбір тарапқа өлімге әкелетін қару-жарақ жеткізбегенін кесіп айтты.
Бұл текетірес екі алпауыт державаның Украина мәселесіне қатысты ұстанымдарының түбегейлі айырмашылығын тағы да айқын көрсетті.