Бедеулік тарих қойнауына кетуі мүмкін: ғалымдар адам терісінен жұмыртқа жасаудың әдісін ойлап тапты
Ғалымдар адам терісінің жасушаларынан жұмыртқа жасай алды. Бұл жаңалық балалы болуға үміті үзілген жұптар үшін ЭКО (IVF) саласында төңкеріс жасауы мүмкін.
Зерттеу әлі бастапқы кезеңде болғанымен, егер ғалымдар әдісті жетілдіре алса, ол жасы ұлғайған, сырқат немесе емделу салдарынан бедеулікке ұшыраған әйелдерге өз генетикалық материалынан бала сүюге мүмкіндік береді, деп хабарлайды Jambylinfo.kz
Сондай-ақ бұл тәсіл бір жынысты ер адамдарға да бала сүюге жол ашуы ықтимал.
«Бұдан ең көп пайда көретін топ — жасы үлкен әйелдер», — дейді зерттеуді басқарған Орегон денсаулық және ғылым университетінің профессоры Шухрат Миталипов.
Тағы бір топ — химиотерапиядан өткен әйелдер. Себебі мұндай ем олардың өміршең жұмыртқа түзу қабілетіне әсер етуі мүмкін.
Ғалымның айтуынша, жұмыртқаны тек әйелдің өз терісінен ғана емес, ер адамның жасушасынан да жасауға болады. «Бұл зерттеуде біз әйел терісінің жасушаларын қолдандық, бірақ ер адамдардың да терісін пайдалануға болады», — деді ол Guardian басылымына. «Яғни, ер адамдар үшін де жұмыртқа жасау мүмкіндігі бар. Осылайша, бұл бір жынысты жұптар үшін де өзекті болмақ».
Бұл әдіс 1990 жылдары Шотландиядағы Рослин институтында басталған клондау технологиясына сүйенеді. Дәл осы жерде марқұм Иэн Уилмут басқарған топ Долли атты қойды жасаған еді. Ол кезде ғалымдар ересек қой жасушасының ядросын алып, жұмыртқа жасушасына енгізген. Нәтижесінде пайда болған ұрық басқа қойдың құрсағында өсіп, Долли дүниеге келген.
Орегон зерттеушілері де ұқсас тәсілді қолданды: олар әйелдердің терісінен алынған жасушалардың ядросын дені сау донор жұмыртқаларына енгізді. Әдетте адамның әр жасушасында 46 хромосома болады, ал қалыпты жұмыртқада олардың жартысы — яғни 23 ғана сақталады. Қалған 23 хромосома ұрықтану кезінде сперматозоид арқылы келеді.
Ғалымдар үшін ең үлкен қиындық — артық хромосомаларды жою болды. Nature Communications журналында жарияланған зерттеуде олар бұл мәселені қалай шешкенін сипаттайды. Ұрықтанғаннан кейін жұмыртқаларға «росковитин» атты қосылыс әсер еткенде, жұмыртқа артық хромосомалардың жартысын «полярлық денешікке» шығарып, қалғандарын сперматозоидтағы хромосомалармен жұптастыра алған.
Дегенмен тәжірибе жүзінде бұл жұптасу әрдайым дұрыс бола бермеді. Хромосомалар кейде ретсіз бөлініп, ұрықтарда артық немесе жетіспейтін хромосомалар пайда болған. «Мұндай эмбриондардан дені сау бала тууы екіталай», — дейді зерттеудің тең авторы, профессор Паула Амато.
82 жұмыртқаның ішінен небәрі 10%-ға жуығы ғана эмбрион сатысына дейін дамыған. Ешқайсысы алты күннен артық өсірілмеген.
Миталипов мұны «тұжырымдаманың дәлелі» деп атап, әлі алда көп жұмыс тұрғанын айтты. Оның айтуынша, әдісті толық жетілдіріп, адамдарға қолдануға дейін кем дегенде он жыл қажет. «Бұл оңай болмайды, бірақ мүмкін емес те емес», — деді ол.
Басқа ғалымдар да бұл зерттеуді жоғары бағалады. Эдинбург университетінің профессоры Ричард Андерсон: «Көптеген әйелдер өз жұмыртқасынан айырылғандықтан, отбасын құра алмайды. Жаңа жұмыртқалар жасау мүмкіндігі — үлкен жетістік. Әрине, қауіпсіздік тұрғысынан әлі көп зерттеу керек, бірақ бұл — маңызды қадам», — деді.
Саутгемптон университетінің профессоры Ин Чеонг: «Қазір дәрігерлер өз жұмыртқасын пайдалана алмайтын әйелдерді жиі кездестіреді. Бұл зерттеу әзірге зертхана деңгейінде болғанымен, болашақта бедеулік пен түсік тастаудың табиғатын түсінуге, тіпті өз биологиялық баласы бола алмайтындарға жаңа мүмкіндік беруге жол ашуы мүмкін», — деді.
Ал Халл университетінің профессоры Роджер Стерми бұл жетістікті «әсерлі» деп атап, мұндай жаңалықтар қоғаммен ашық талқылануы керек екенін ескертті. «Мұндай серпілістер жауапкершілік пен сенімділікті қамтамасыз ететін тиімді бақылау тетіктерінің қажет екенін көрсетеді», — деді ол.