Франциядағы алапат өрт: 700 гектар жер отқа оранды, зардап шеккендер бар
- авторБақытжан Бекболат
- 9 шілде, 2025
- 491
8 шілде күні Францияның Пен-Мирабо коммунасында басталған алапат өрт Марсельдің солтүстігіне жетіп, 10 өрт сөндіруші мен бірнеше тұрғын зардап шекті, деп хабарлайды Jambylinfo.kz BFMTV телеарнасына сілтеме жасап.
"Түтіннің үйге кіріп кетуіне жол бермес үшін – терезе мен есікті жауып, саңылауларға дымқыл шүберек тығыңыздар. Төтенше қызмет өкілдеріне кедергі жасамаңыздар, жолдарға шықпаңыздар", – делінген Префектура таратқан хабарламада.
Өрт 700 гектардан астам аумақты шарпыды. Прованс – Альпы – Лазур жағалауы аймағының префектурасы Марсель мен Пен-Мирабо елді мекендерінде кемінде 20 үйдің отқа оранғанын хабарлады.
L'ousteau Mira Bleu атты қарттар үйінен 70 адам эвакуацияланды.
Марсель ауруханасына өрт салдарынан төрт адам жеткізілді. Аймақ префектінің айтуынша, тоғыз өрт сөндіруші көміртегі тотығынан жеңіл уланған, тағы бірі өрт сөндіру кезінде иығынан жарақат алған.
Ішкі істер министрі Брюно Ретайо оқиға орнына барды. Қазір өртпен күреске 720-дан астам маман мен 220 техника жұмылдырылған.
Экс-Марсель Прованс әуежайы уақытша жабылды. Марсель бағытына қатынайтын пойыздар тоқтатылып, бірнеше жол да жабылған.






