Әлемде

Гималайдағы 97 шың альпинистер үшін тегін болады

Бұл альпинистерге екі жыл бойы осы тауларды тегін бағындыруға мүмкіндік береді

Reuters агенттігінің мәліметінше, Непалда Солтүстік-Батыс Гималайдың алыс аймақтарындағы 97 шыңға көтерілу ақысы алынып тасталған, деп хабарлайды Jambylinfo.kz 

Бұл шешім Карнали және Фар-Вест провинцияларындағы шыңдарға қатысты. Аталған өңірлер туристер аз баратын, бірақ табиғаты ерекше аймақтар саналады. Таулардың биіктігі 5870 метрден 7132 метрге дейін жетеді. Билік осы бастама арқылы саяхатшылардың назарын игерілмеген бағыттарға аударып, шалғай аймақтардың экономикасын жандандыруды көздеп отыр.

Непалда ресми түрде альпинизмге рұқсат берілген 491 шың бар. Алайда альпинистердің көбі Эверестті қоса алғанда, танымалдығы жоғары шамамен 25 тауға шоғырланады. Елдің туризм департаментінің өкілі Химал Гаутам бұл бастаманың мақсаты — жаппай экспедициялардан тыс қалған аймақтарға туризм ағынын арттыру екенін айтты.

Сонымен қатар, 2025 жылдың қыркүйегінен бастап Непалда басқа бағыттарға шығу рұқсаты қымбаттайды. Төмен тауларға көтерілу құны 250 доллардан 350 долларға өссе, Эверестке шығу ақысы 11 000 доллардан 15 000 долларға дейін қымбаттамақ.