жұма, 5 желтоқсан, 2025 19:01

Jambylinfo.kz - Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз.

Байланыс

Илон Маск “роботтар армиясын” құрмақ: адамзаттың болашағы қандай болмақ?

Илон Маск “роботтар армиясын” құрмақ: адамзаттың болашағы қандай болмақ?
Фото: Jerry Lampen / EPA
Tesla 2026 жылдың алғашқы тоқсанында Optimus-тың жаңа нұсқасы – V3 моделін таныстыруды жоспарлап отыр.

Tesla компаниясының бас директоры әрі әлемдегі ең бай адам Илон Маск (Forbes дерегінше оның байлығы – 493,2 миллиард доллар) компанияның “роботтар армиясын” құруға ниетті екенін мәлімдеді, деп хабарлайды Jambylinfo.kz eadaily.com-ға сілтеме жасап.

«Мен бұл армияға толық бақылау орнатқым келмейді, бірақ кем дегенде оған айтарлықтай ықпалым болса деймін. Егер ықпалым болмаса, мұндай жобаны іске асыру маған жайсыз», – деді Илон Маск.

6 қарашада Tesla компаниясының жыл сайынғы акционерлер жиналысы өтеді. Онда акционерлер Маскқа арналған жаңа сыйақы пакетін мақұлдау мәселесін талқылайды.

Қыркүйекте Tesla Маскқа алдағы он жылда 1 триллион долларға дейін жететін сыйақы пакетін ұсынғаны белгілі болды. Бұл – Маскты компанияда ұстап қалу амалы. Сыйақыны толық алу үшін ол Tesla-ның нарықтық құнын қазіргі шамамен 1 триллион доллардан 8,5 триллион долларға дейін өсіруі тиіс. Сондай-ақ 20 миллион электромобиль, 1 миллион роботакси және 1 миллион Optimus атты адам кейпіндегі робот шығару көзделген.

Егер бұл мақсаттар орындалса, Масктың компаниядағы үлесі 13%-дан 25%-ға дейін өседі. Ал егер ұсыныс қабылданбаса, ол Tesla-дан кететінін әлеуметтік желідегі жазбасында ескертті.

Tesla-ның үшінші тоқсандағы таза табысы өткен жылмен салыстырғанда 37%-ға төмендеп, 2,2 миллиард доллардан 1,4 миллиард долларға азайды. Дегенмен электромобиль сату көлемі 7,4%-ға өсіп, компания тарихындағы ең жоғары кіріс – 28 миллиард долларға жетті.

Масктың айтуынша, Optimus роботтары зауыттарда жұмыс істеп, тіпті балаларға қарауға да қабілетті болады.

«Optimus тамаша хирург бола алады. Егер әр адам осындай деңгейдегі дәрігердің көмегін ала алса ше?» – деді ол.

Масктың пікірінше, бұл роботтар кедейлік жойылған, медицина бәріне қолжетімді әлем орнатуға көмектеседі.

Tesla 2026 жылдың алғашқы тоқсанында Optimus-тың жаңа нұсқасы – V3 моделін таныстыруды жоспарлап отыр.

Миллиардер ISS және Glass Lewis атты ірі консалтингтік компанияларды сынға алды. Олар инвесторларға Масктың сыйақы пакетін қолдамауға кеңес берген еді.

«Бұлар – корпоративтік террористер», – деді Маск.

Сондай-ақ ол сын айтқан акционерлерге:

«Tesla-ның нарықтық құны өзге барлық автокомпаниялардың жиынтық бағасынан да жоғары. Сонда Tesla-ны кім басқарсын дейсіздер? Мен болмаса, басқа кім?» – деп жауап берді.

Биыл маусымда Tesla Техас штатындағы Остин қаласында роботакси қызметін сынақтан өткізді. Қызмет Model Y көлігі негізінде жасалған, көлік толықтай автономды, тек қауіпсіздік үшін алдыңғы орындықта көмекші жүргізуші отырады. Маск жыл соңына дейін бұл қызметті толық іске қосуға уәде берді.

Компания сондай-ақ Optimus роботын және Cybercab деп аталатын екі орынды, рөл мен педальсыз автономды электромобильді әзірлеп жатыр.

Маск 2008 жылдан бері Tesla-ның бас директоры. Сонымен қатар ол SpaceX, xAI, Neuralink және Boring Company компанияларын басқарады.

Мамыр айында Bloomberg басылымына берген сұхбатында Маск алдағы бес жылда да Tesla-ны басқаруды жалғастыратынын, бірақ саясаттан алшақтайтынын айтқан. Ол кезінде АҚШ президенті Дональд Трамп әкімшілігі жанындағы Үкімет тиімділігі департаментінің (DOGE) кураторы болған.

 

 

Бақытжан Бекболат
Автор

Бақытжан Бекболат

Бақытжан Бекболат

Ұқсас жаңалықтар