“Мен бұл сыйлықты алмаймын”: Пәкістан Трампты Нобель сыйлығына ұсынды
Пәкістан үкіметі АҚШ президенті Дональд Трампты 2026 жылғы Бейбітшілік саласындағы Нобель сыйлығына ұсынды.
Бұл туралы үкіметтің ресми мәлімдемесі X әлеуметтік желісіндегі ресми аккаунтында жарияланған. Онда бұл ұсыныс “жақында болған Үндістан мен Пәкістан арасындағы дағдарыс кезінде оның батыл дипломатиялық қадамдары мен шешуші көшбасшылығын мойындау белгісі ретінде” жасалғаны айтылған.
Пәкістан үкіметінің пікірінше, бұл қадам Трамптың шынайы бітімгер ретіндегі рөлін және қақтығыстарды диалог арқылы шешуге деген ұстанымын көрсетті.
Пәкістан тарапы АҚШ президентінің бұл әрекеттері Таяу Шығыстағы қазіргі дағдарыстар кезінде де өңірлік және жаһандық тұрақтылыққа үлес қоса береді деген үміт білдірді.
АҚШ президенті Дональд Трамп Нобельдің бейбітшілік сыйлығын алу мүмкіндігін өзі де бағалады. Truth Social желісінде ол Конго мен Руанданың дүйсенбі күні АҚШ-тың атсалысуымен бейбіт келісімге қол қоятынын жазды.
Басқа Нобель сыйлықтарынан ерекшелігі – бейбітшілік сыйлығына үміткер ұсыну үшін Нобель комитетінен ресми шақырту қажет емес. Нобель қорының жарғысына сәйкес, лауреаттарды Норвегия парламенті тағайындайтын Норвегия Нобель комитеті таңдайды. Дональд Трамп бұған дейін де бірнеше рет бейбітшілік сыйлығына ұсынылған, алайда АҚШ президенті бұл марапатты әлі алған жоқ.