Reuters: Путиннің жаңа жарлығынан кейін қазақ мұнайын Қара теңіз арқылы экспорттау тоқтатылды
- авторБақытжан Бекболат
- 24 шілде, 2025
- 1.7k
21 шілдеде Ресей президенті Владимир Путин шетелдік порттардан келген кемелердің Ресей порттарына кіру тәртібін күшейтетін жарлыққа қол қойды, деп хабарлайды Jambylinfo.kz
Жаңа ережеге сәйкес, мұндай кемелердің кіруіне рұқсат порт әкімшілігі тарапынан ғана емес, сонымен қатар Ресейдің Федералдық қауіпсіздік қызметімен (ФҚҚ) келісіліп берілуі тиіс.
Нәтижесінде бұл талаптар Каспий құбыр консорциумы (КҚК) арқылы тасымалданатын қазақстандық мұнайды экспорттауға кедергі келтіріп отыр. Аталған құбыр – Қазақстан мұнайының негізгі экспорттық бағыты. Ол Теңіз, Қашаған және Қарашығанақ сияқты елдің ең ірі кен орындарынан өндірілген мұнайды шетелге тасымалдайды. Қазақстан бюджеті мұнай экспортына айтарлықтай тәуелді екенін ескерсек, бұл жағдай ел экономикасына әсер етуі мүмкін.
Reuters агенттігінің мәліметінше, Новороссийск порты арқылы шетелдік кемелерге жүк тиеуге қойылған шектеу жаһандық мұнай жеткізілімінің 2 пайыздан астамын тежейді.
Қазақстандық мұнайдың 80 пайыздан астамы экспортталатын Ресейдің «Оңтүстік Озерейка» терминалында да шетелдік танкерлердің жұмысы шектелді. Енді Ресей порттарына кіретін барлық шетелдік кеме Федералдық қауіпсіздік қызметінен (ФҚҚ) арнайы рұқсат алуы тиіс. Бұл талаптар президент Владимир Путиннің 21 шілдеде қол қойған жарлығына сәйкес енгізілді. Жарлық жарияланған сәттен бастап күшіне енді.
Reuters атап өткендей, бұл шешім Еуропалық одақ Ресейге қарсы жаңа санкциялар қабылдағаннан кейін бірнеше күн өткен соң жарияланды. Соның салдарынан Каспий құбыр консорциумының (КҚК) жұмысына кедергі туғаны туралы ақпарат тарады.
КҚК мен Ресейдің Көлік министрлігі жағдайға байланысты әзірге ресми түсініктеме бермеген. Алайда бейресми ақпаратқа сүйенсек, порттағы мәселе алдағы бір-екі күнде реттелуі мүмкін.
Тамыз айында КҚК арқылы экспортталатын мұнай көлемі тәулігіне 1,66 миллион баррельді немесе шамамен 6,5 миллион тоннаны құрайды. Бұл көрсеткіш шілдедегі жоспармен салыстырғанда өзгермеген.
Айта кетейік, бұған дейін де КҚК жұмысы бірнеше рет үзіліске ұшыраған. Ақпанда насос станциясына дронмен шабуыл жасалып, сәуірде Ресей тарапы терминалдың өткізу мүмкіндігін уақытша шектеген болатын.






