Таиланд-Камбоджа шекарасындағы шиеленіс: әуе шабуылынан ондаған адам опат болды
- авторБақытжан Бекболат
- 24 шілде, 2025
- 567
24 шілде күні күндіз Таиланд әскери-әуе күштері Камбоджа аумағына әуе соққысын жасады, деп хабарлайды Jambylinfo.kz
Ресми мәліметтерге сәйкес, шабуыл мен шекара маңындағы атыстар салдарынан 12 адам қаза тапты, оның 11-і – бейбіт тұрғындар, ішінде сегіз жасар бала да бар. Ондаған адам жараланған.
Бұл – соңғы жылдардағы екі ел арасындағы ең күрделі шиеленіс. Қақтығыс 23 шілде кешке басталған: даулы аумақта тай сарбазы минаға түсіп, мерт болды. Осыдан кейін Таиланд Пномпеньдегі елшісін кері шақырып, Камбоджа өкілін елден шығарып жіберді. Камбоджа бұл әрекетті агрессия деп бағалап, Таиландты әдейі арандатып отыр деп айыптады.
24 шілде таңертең тараптар шекарада бір-біріне оқ атты. Таиланд екі сарбазының жараланғанын айтып, Камбоджаны дрондар қолданды деп кінәлады. Бұған жауап ретінде әуе күштері іске қосылған.
Таиланд билігі үш шекаралас провинциядан 40 мың тұрғынды қауіпсіз аймаққа көшіріп, әскери қимыл жүріп жатқан өңірлерде шекара өткелдерін жапты. Камбоджа әскерін жоғары дайындық режиміне ауыстырды.
Оңтүстік-Шығыс Азия елдері қауымдастығы (АСЕАН) мен Қытай екі елді дереу қақтығысты тоқтатуға шақырды.
Таиланд пен Камбоджа арасындағы шекара дауы ондаған жыл бойы жалғасып келеді. Тараптар 800 шақырымға созылатын шекара сызығы бойындағы бірнеше жерге, соның ішінде Преахвихеа мен Та Моан Том сияқты көне храмдар маңындағы аумақтарға таласып келеді.






