Трамп: бай азамат әскерилердің жалақысын төлеуге 130 млн доллар бөлді
Трамп бұл азаматтың есімін атамады, бірақ оны «нағыз отансүйгіш және жомарт тұлға» деп сипаттады.
АҚШ-та үкімет жұмысының тоқтап қалуына (шатдаун) байланысты қаржылық қиындықтар туындап, мемлекет кей қызметкерлердің, соның ішінде әскерилердің жалақысын уақытылы төлей алмай отыр, деп хабарлайды Jambylinfo.kz
Осындай күрделі сәтте елдің ауқатты азаматы әскери қызметшілердің айлығын жабу үшін жеке қалтасынан 130 миллион доллар бөлген. Бұл АҚШ президенті Дональд Трамп мәлімдеді.
Оның айтуынша, демеуші өз бастамасымен көмек ұсынған. «Бір адам, менің досым, маған хабарласып, шатдаунға байланысты әскерилердің қандай да бір жалақы тапшылығы болса, өз қаражатымнан өтеп бергім келеді деді. Ол патриот адам. Елін, әскерін шын сүйеді. Осылайша ол 130 миллион долларлық чек жіберді», – деді Трамп.
Трамп бұл азаматтың есімін атамады, бірақ оны «нағыз отансүйгіш және жомарт тұлға» деп сипаттады.
Айта кетейік, АҚШ-та қазан айынан бері федералды үкіметтің бір бөлігі жұмысын тоқтатқан. Себебі Конгресс жаңа бюджетті уақытылы бекіте алмады. Басты себептердің бірі – денсаулық сақтау саласына арналған субсидиялар төңірегіндегі саяси келіспеушілік.
Бұған дейін Трамп Пентагонға пайдаланылмаған зерттеу қорларын әскерилердің жалақысын уақытша өтеуге бағыттау туралы жарлыққа қол қойған болатын. Алайда сарапшылардың айтуынша, бұл шешім тек қысқа мерзімді шара болып қала береді.