Трамп пен Ли ядролық отын және ірі инвестициялар туралы уағдаласты
- авторБақытжан Бекболат
- 30 қазан, 2025
- 207
Оңтүстік Корея Президенті Ли Чжэ Мен мен АҚШ Президенті Дональд Трамп Кёнджу қаласында өткен саммит барысында қорғаныс және энергетика саласындағы ынтымақтастықты кеңейтуге келісті, деп хабарлайды Jambylinfo.kz Yonhap News Agency-ге сілтеме жасап.
Кездесуде Ли Чжэ Мен Сеулдің атомдық суасты қайықтарына арналған ядролық отын алу мүмкіндігін қарастыруды ұсынды. Ол бұл бастама Оңтүстік Кореяның қорғаныс қабілетін арттыруға бағытталғанын және ядролық қару жасауға қатысы жоқ екенін ерекше атап өтті.
Президенттің айтуынша, дизельмен жүретін суасты қайықтардың мүмкіндігі шектеулі, ал атомдық технология елдің теңіздегі қауіпсіздігін күшейтуге жол ашады.
– Егер отын жеткізуге рұқсат берілсе, біз өз технологиямызды пайдалана отырып, әдеттегі қарумен жабдықталған бірнеше суасты қайық сала аламыз. Бұл Корея түбегі төңірегіндегі қауіпсіздікке оң әсер етеді, – деді ол.
Сонымен қатар Ли Чжэ Мен АҚШ-пен ядролық материалдарды байыту мен пайдаланылған отынды қайта өңдеу жөніндегі екіжақты келісімді қайта қарау қажеттігін атап өтті. Қолданыстағы құжатқа сәйкес, Сеулге уранды тек 20 пайыздан төмен деңгейде байытуға және отынды қайта өңдеуге тыйым салынған.
Ли Чжэ Мен өз сөзінде АҚШ-пен «болашаққа бағдарланған стратегиялық серіктестік» орнатуға ниетті екенін мәлімдеді. Ол қорғаныс шығындарын ұлғайту арқылы Кореяның әскери әлеуетін нығайтып, бұл өз кезегінде АҚШ-тың аймақтағы жүктемесін азайтуға септігін тигізетінін айтты.
Сондай-ақ Оңтүстік Корея басшысы АҚШ-та өндіріс пен инвестицияны арттыруға бағытталған Трамптың экономикалық бастамаларын қолдайтынын білдірді.
– Біз кеме жасау саласындағы ынтымақтастықты белсенді дамытамыз. Бұл екі ел экономикасына да пайда әкеліп, одақтастықты неғұрлым практикалық әрі тұрақты етеді, – деді Ли.
CNBC-нің хабарлауынша, келіссөз қорытындысында тараптар жалпы құны 350 млрд долларды құрайтын инвестициялық қор құруға уағдаласты. Оның 200 млрд доллары қолма-қол қаражат түрінде бөлініп, жылына 20 млрд доллардан аспайтын көлемде кезең-кезеңімен төленеді. Ал қалған 150 млрд доллар АҚШ-тағы кеме жасау саласын қайта жандандыруға жұмсалмақ.
Келісімге сәйкес, алғашқы инвестициялар өтелгенге дейін екі тарап табысты тең үлеспен бөліседі және жобалар тек экономикалық тұрғыдан тиімді бағыттар бойынша жүзеге асырылады.






