Жамбыл облысында жаңа инфекциялық стационар бой көтермек
Бұл туралы Жамбыл облыстық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметі мәлімдеді
Өңірде эпидемиологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету және инфекциялық аурулар кезінде медициналық көмектің қолжетімділігін арттыру мақсатында 325 төсек-орындық облыстық жұқпалы аурулар ауруханасының құрылысы жоспарланған.
Қазіргі уақытта нысанға арналған жер учаскесін таңдау жұмыстары жүргізілуде. 2026 жылы жобалау-сметалық құжаттаманы әзірлеу басталып, 2027–2029 жылдары құрылыс-монтаждау жұмыстары жүзеге асырылады деп күтілуде.
Жоспарланған медициналық ұйым халықаралық стандарттарға сәйкес жобаланып, инфекциялық стационар, реанимация және қарқынды терапия бөлімшелері, зертханалық-диагностикалық кешендермен жабдықталмақ.
Жобаның жүзеге асырылуы аймақтың эпидемиологиялық тұрақтылығын арттыруға, жұқпалы ауруларды ерте диагностикалау мен тиімді емдеу көрсеткіштерін жақсартуға, сондай-ақ төтенше жағдайлар кезінде төсек-орын қорын жедел қолдану мүмкіндігін кеңейтуге мүмкіндік береді.