жұма, 5 желтоқсан, 2025 13:52

Jambylinfo.kz - Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз.

Байланыс

2026 жылға қарай квазимемлекеттік сектордың борышы 70 миллиард долларға жетеді – Елнұр Бейсенбаев

2026 жылға қарай квазимемлекеттік сектордың борышы 70 миллиард долларға жетеді – Елнұр Бейсенбаев
Фото: mazhilis.parlam.kz
Оның айтуынша, республикалық бюджет – жай ғана қаржы жоспары емес, елдің алдағы үш жылдағы даму бағытын айқындайтын негізгі құжат. Сондықтан онда Президенттің Жолдауларында, сайлауалды бағдарламасында қойылған міндеттер қамтылуы тиіс.

Мәжіліс депутаты, «AMANAT» партиясы фракциясының жетекшісі Елнұр Бейсенбаев 2026–2028 жылдарға арналған республикалық бюджетті талқылау кезінде бірқатар маңызды мәселелерді көтерді, деп хабарлайды Jambylinfo.kz 

Депутаттың мәліметінше, 2028 жылға қарай мемлекеттік борыш 57,5 трлн теңгеге жетіп, оған қызмет көрсетуге 4,5 трлн теңге жұмсалады. Бұл – барлық бюджет шығысының 15 пайызы.

– 2026 жылға қарай квазимемлекеттік сектордың борышы 70 миллиард долларға жетеді. Бұл – жалпы ішкі өнімнің 20,5 пайызы. Яғни, ел экономикасының айтарлықтай бөлігі осы секторға тәуелді. Осылайша, мемлекет өзін-өзі борышқа тіреп отыр. Егер осы саясатты өзгертпесек, ертең біз қарызды емес, қарыз бізді басқаратын жағдайға жетуіміз мүмкін. Бұл – тек Үкіметті ғана емес, Парламентті де алаңдататын мәселе, – деді депутат.

Мәжіліс отырысында Елнұр Бейсенбаев квазимемлекеттік сектордың табысын қадағалау қажеттігін атап өтті. Оның айтуынша, өткен жылы «AMANAT» партиясының депутаттары бастамашы болып, «Самұрық-Қазына» қорының табыс дивидендтерінің 50 пайызын мемлекеттік бюджетке аудару туралы норманы заңмен бекіткен. Бұл шамамен 500 миллиард теңге қаражатты құрайды. 

– Алайда аталған соманы бюджет жоспарында көрмей отырмыз. Сондай-ақ «Бәйтерек» холдингін капитализациялауға жыл сайын 1 триллион теңге бөліну жоспарланып отыр. Үкіметтің пайымдауынша, бұл экономиканы ынталандыруға бағытталады. Бірақ аталған қаражаттың негіздемесі жоқ, депутаттардың арқасында Үкіметтің кепілі берілді. 1 триллион теңге – өңірлердің бюджеттегі тапшылығын шешуге болатын қомақты сома. Сондықтан «Бәйтеректің» капитализациясына бөлінген қаржының әрбір теңгесі Мәжіліспен бірге нақтылануға тиіс, – деді ол.

Елнұр Бейсенбаевтың айтуынша, «Ауыл – ел бесігі» жобасын аяқтау үшін 183,4 млрд теңге қажет, бірақ бұл сома бюджетте қарастырылмаған. 

– Бюджетте бұл соманың көзделмеуі де ауылды түлетуге арналған маңызды жобаның іске асуына қолбайлау болмақ. Сондай-ақ Үкімет 2026 жылға даму бюджетін екі есеге азайтты. Қазір тапшылық шамамен 1,9 триллион теңгені құрап отыр. Ал басталып, 2026 жылы аяқталатын жобалардың өзіне 878 миллиард теңге қаражат бөлінбей отыр. Бұл дегеніміз құбыры бар, суы жоқ, іргетасы бар, қабырғасы жоқ, уәдесі бар, ісі жоқ жүздеген жоба келесі жылы аяқсыз қалады деген сөз. Ол туралы «AMANAT» фракциясының депутаттары дабыл қағып жүр, – деді депутат.

Депутаттың айтуынша, монополистер 750 түрлі қызметтің тарифін өздері белгілеп, пайда табуда.

– Олар көрсететін 750 түрлі қызметтің тарифтері мемлекет тарапынан реттелмейді. Тарифті инвестицияға айырбастау жобаларын тек мемлекет қана жүзеге асырып келеді. Ал монополистер болса, престеу, пломбалау, қосу сияқты реттелмейтін қызмет түрлерінің бағасын көтеру арқылы мол пайдаға кенеліп отыр. Олар инфрақұрылымды жаңартуға мардымсыз қаржы салып, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын жаңғырту үдерісін тежеп отыр. Бюджетке қосымша кіріс көздерін осы жерден іздеу қажет, – деді ол.

Бақытжан Бекболат
Автор

Бақытжан Бекболат

Бақытжан Бекболат

Ұқсас жаңалықтар