Елімізде

25 мың қызметкердің еңбекақысы өседі: заңға енгізілген түзетулер күшіне енді

Бұл туралы Су ресурстары және ирригация министрлігінің баспасөз қызметі мәлімдеді

Су саласы мамандарының жалақысын арттыруды көздейтін түзетулер күшіне енді, деп хабарлайды Jambylinfo.kz 

Қазақстанда Су ресурстары және ирригация министрлігі әзірлеген су шаруашылығы қызметкерлерінің жалақысын энергетика саласы мамандарының деңгейіне дейін көтеруді көздейтін «Табиғи монополиялар туралы» заңға енгізілген түзетулер күшіне енді. 

Қазіргі уақытта Су ресурстары және ирригация министрлігі мен Ұлттық экономика министрлігі осы заңды іске асыруға бағытталған нормативтік-құқықтық актілерді тіркеу жұмыстарын жүргізіп жатыр. Айта кетейік, су шаруашылығы қызметкерлерінің жалақысы биыл қыркүйектен бастап артады. 

Жалпы, ел бойынша сумен жабдықтау және су бұру қызметтерін көрсететін 25 мыңнан астам қызметкердің жалақысы өседі. Аймақтарға байланысты және ресми статистикалық мәліметтерге сәйкес, еңбекақы орта есеппен 35-50%-ға көбейеді.

Бұл түзетулерді әзірлеу былтыр басталған болатын. Биыл маусым айында заң жобасына Мемлекет басшысы қол қойды.

Су саласы мамандарының жалақысын арттыру шаралары былтыр да жүзеге асқан болатын. 2024 жылы «Қазсушар» РМК қызметкерлерінің еңбекақысы 25 пайызға көбейтілді.