3 миллион теңге: «Тәуелсіздік ұрпақтары» грантына өтінім қабылдау басталды
- авторБақытжан Бекболат
- Бүгін, 12:23
- 1
Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі Жастар және отбасы істері комитетінің төрағасы Қайрат Қамбаров мәлімдеді, деп хабарлайды Jambylinfo.kz
Оның айтуынша, грант жас қазақстандықтарға өз идеяларын нақты жобаларға айналдырып, оларды мемлекет қолдауымен жүзеге асыруға мүмкіндік береді.
«2021 жылдан бастап Мемлекет басшысының бастамасымен аталған грант жыл сайын 6 бағыт бойынша табысталады: «Ғылым», «Мәдениет», «Ақпараттық технологиялар», «Бизнес», «Медиа» және «Волонтерлік». Әрбір жеңімпаз өз жобасын жүзеге асыру үшін 3 млн теңге алады», – деді спикер.
Байқау өткізілген уақыт ішінде түрлі саладағы жас азаматтардың 153 жобасына қолдау көрсетілді. Үздік мысалдардың қатарында «Vbox», «qMed», «ASpan» жобалары аталды.
«IT саласындағы «Vbox» жобасы – толық автоматтандырылған микромаркеттер желісі. Бүгінде Астанада 17 орын жұмыс істейді, олар 1200-ден астам пайдаланушыға қызмет көрсетеді. Жобаның әлеуметтік маңызы зор: әлеуметтік цех ашылып, онда осал санаттағы азаматтар жұмыспен қамтылған. Қазірдің өзінде 50-ден астам адам жұмысқа орналасып, бейімделуден өтті. Сонымен қатар жоба қаржылық тұрғыдан тұрақты және ауқымын кеңейту мүмкіндігіне ие», – деп атап өтті Қайрат Қамбаров.
ҚР МАМ Жастар және отбасы істері комитетінің төрағасы Қайрат Қамбаровтың айтуынша, қолдау тек қаржыландырумен шектелмейді. Министрлік жобаларды одан әрі сүйемелдеуді қамтамасыз етіп, конкурс жеңімпаздарымен тұрақты байланыста болады.
«Біз бастамалардың дамуын жүйелі түрде қадағалап, консультациялық және ұйымдастырушылық қолдау көрсетеміз, сондай-ақ олардың әрі қарай ілгерілеуіне ықпал етеміз. Грант иегерлеріне өз жобаларын кеңейту мен дамыту үшін қосымша мүмкіндіктер беріледі. Атап айтқанда, олар салалық форумдар мен конференцияларға, білім беру және акселерациялық бағдарламаларға қатысуға тартылады. Конкурс жеңімпаздары жастар саясаты аясындағы іс-шараларға, соның ішінде халықаралық деңгейдегі жобаларға белсенді қатысады», – деді спикер ОКҚ баспасөз мәслихатында.
Грантты тағайындау қағидаларына сәйкес конкурс екі кезеңде өткізіледі: бірінші кезең – конкурстық өтінімдерді қабылдау және қарау; екінші кезең – конкурстық өтінімдерді бағалау және конкурстық комиссия арқылы жеңімпаздарды анықтау.
ҚР МАМ Жастар және отбасы істері комитетінің төрағасы Қайрат Қамбаровтың айтуынша, өтінімдерді қабылдау электрондық форматта арнайы Google-форма арқылы жүзеге асырылады. Сілтеме Министрліктің ресми ақпараттық ресурстарында қолжетімді болады. Өтінімдерді қабылдау ағымдағы жылдың 21 маусымына дейін жалғасады. Қатысушыларға форманы толтырып, барлық қажетті құжатты тіркеу керек. Қабылдау мерзімі аяқталғаннан кейін жіберілген өтінімдер қаралмайды.
«Конкурс қорытындысы бойынша ағымдағы жылдың соңына дейін 30 адамға 3 млн теңге көлемінде грант табысталады. Конкурс туралы толық ақпаратты Мәдениет және ақпарат министрлігінің ресми сайтынан және әлеуметтік желілердегі ресми парақшаларынан білуге болады», – деп нақтылады спикер ОКҚ-да өткен баспасөз мәслихатында.
Сонымен қатар 2026 жылы өңірлерде жалпы сомасы 215 млн теңгені құрайтын 184 өңірлік грант тағайындау жоспарланған.





