Елімізде

686 млн теңге салықтан жалтару: қылмыстық топ мүшелері түрмеге тоғытылды

Бұл туралы Алматы қаласы прокуратурасының баспасөз қызметі мәлімдеді

Алматыда жалған шот-фактуралар жазу арқылы салықтан жалтару фактілері бойынша қылмыстық іс аяқталды. Тергеу дерегінше, қылмыстық топ мүшелері тауар, жұмыс пен қызмет көрсетуді іс жүзінде орындамай, құжаттарды қолдан жасаған, деп хабарлайды Jambylinfo.kz 

Бұл схема арқылы мемлекетке 686 миллион теңге көлемінде шығын келтірілген. Салықтық бақылауды айналып өту үшін жалған біріктіру рәсімделіп, кейін серіктестік формалды түрде таратылған.

Қала прокуратурасының араласуымен заңсыз біріктіру тоқтатылды. Қылмыстық іс ҚР ҚК-нің 216-бабы (жалған шот-фактура жазу) және 262-бабы (ұйымдасқан қылмыстық топ құру және басқару) бойынша қаралды.

Сот қылмыстық топтың алты мүшесін кінәлі деп танып, оларға 6 жылдан 8 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады.