Елімізде

Air Astana ұшағында түтін шығып, апаттық сигнал берілді

Бұл туралы Көлік министрлігінің баспасөз қызметі мәлімдеді

Көлік министрлігінің мәліметінше, 17 желтоқсанда сағат 07:38-де Алматы – Астана бағыты бойынша КС-851 тұрақты жолаушылар рейсін орындау барысында «Эйр Астана» АҚ-ның пайдалануындағы Airbus A321N EI-KDG әуе кемесімен авиациялық оқиға орын алды, деп хабарлайды Jambylinfo.kz 

«Қазаэронавигация» РМК Әуе қозғалысын жоспарлаудың бас орталығы ұсынған ақпаратқа сәйкес, әуе кемесінің салонында түтін пайда болуына байланысты экипаж MAY-DAY апаттық сигналын жариялаған.

Алдын ала мәліметтер бойынша жолаушылар мен экипаж мүшелері арасында зардап шеккендер жоқ.

Қону сағат 07:40-та жүзеге асырылды. Қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында Алматы қаласы әуежайының ұшу қауіпсіздігін қамтамасыз етуге арналған өртке қарсы және авариялық-құтқару қызметі жұмылдырылды.

Қазіргі уақытта аталған авиациялық оқиғаның мән-жайларын Көліктегі оқиғалар мен оқыс оқиғаларды тергеп-тексеру департаментінің қызметкерлері нақтылап анықтауда.