Елімізде

Алматы маңындағы тауларда жоғалып кеткен жас жігіттің мәйіті табылды

Бұл туралы Алматы қалалық Төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз қызметі мәлімдеді

11 шілде күні таңертең Алматы маңындағы тауларда құтқарушылар бірнеше күннен бері іздестіріліп жатқан жігіттің мәйітін тапты, деп хабарлайды Jambylinfo.kz 

Жігіттің денесі теңіз деңгейінен 3000 метрден жоғары биіктіктен дрон көмегімен анықталған.

– Құтқарушылар дереу оқиға орнына жаяу жетіп, мәйітті тасымалдауға кірісті. Жерде жедел штаб жұмысын жалғастырып жатыр. Марқұмның туыстарымен психологтар жұмыс істеуде, – деп мәлімдеді ведомство өкілдері.

2007 жылы туған студенттің жоғалғаны туралы полиция 6 шілде күні құтқарушыларға хабарлаған. Туыстарының айтуынша, жасөспірім 2 шілде күні тауға кеткен. Іздеу жұмыстарына құтқарушылар, қызметтік иттері бар кинологтар, шекарашылар, полицейлер мен еріктілер жұмылдырылды. Сондай-ақ дрондар мен тікұшақтар қолданылды.

Іздеу үш негізгі бағытта жүргізілді:

Космостанциядан Үлкен Алматы шыңына қарай, жотаның екі беткейі;

Алма-Арасан мен Аюсай шатқалдарына қарай түсетін тау бөктерлері;

Космостанция мен шекара бекеті арасындағы тау етектері.

Кейін іздеу аймағы кеңейтіліп, Крошка және Турист шыңдарының шығыс және батыс беткейлері, сондай-ақ екі шың арасындағы Шотландия мореналық көліне дейінгі шатқалдар тексерілді.

Іздеу жұмыстары тәулік бойы тоқтаусыз жүргізілді.