бейсенбі, 2 сәуір, 2026 16:29

Jambylinfo.kz - Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз.

Байланыс

Ғалымдар мал шаруашылығындағы шығындарды азайту үшін жаңа буын құрама жемдерін әзірлеуде

Ғалымдар мал шаруашылығындағы шығындарды азайту үшін жаңа буын құрама жемдерін әзірлеуде
gov.kz
Бұл туралы Ауыл шаруашылығы министрлігінің баспасөз қызметі мәлімдеді.

Қазіргі заманғы мал шаруашылығы толыққанды, экономикалық тұрғыдан қолжетімді және биологиялық құнды азықпен қамтамасыз етілуге тікелей байланысты, деп хабарлайды Jambylinfo.kz 

Бұл ретте дәстүрлі компоненттердің, әсіресе ақуыз текті қоспалардың қымбаттауы өнімнің өзіндік құнын арттырып, оның бәсекеге қабілеттілігін төмендетеді.

Осы мәселені шешу мақсатында отандық ғалымдар қымбат ақуыздық компоненттердің орнын алмастыру арқылы мал шаруашылығы өнімдерінің өзіндік құнын төмендетуге мүмкіндік беретін құрама жем технологиясын әзірлеуде. Оны Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университетінің тамақ және қайта өңдеу өнеркәсібі саласындағы ғалымдар жүзеге асыруда.

Жоба аясында жануарлардан алынатын табиғи мультиақуыздық шикізатты, соның ішінде ет өңдеу өнеркәсібінің қалдықтарын - ет-сүйек, қан және сүйек ұнын, сондай-ақ гидролизаттарды пайдалану ұсынылды. Бұл компоненттер толыққанды ақуыздың, алмастырылмайтын аминқышқылдары мен минералды заттардың қайнар көзі болып табылады.

Әзірленіп жатқан технология физика-химиялық сипаттамалары әртүрлі шикізатты өңдеу ерекшеліктерін ескереді және ұсақтау, араластыру процестерін оңтайландыруға бағытталған. Бұл құрама жемнің біртектілігі мен қауіпсіздігін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Сонымен бірге жем құрамына қосымша ірі қара малдың микрофлорасын тұрақтандыруға, қоректік заттардың қорытылуын арттыруға, зат алмасу процестерін жақсартуға және асқазан-ішек жолдары ауруларының қаупін азайтуға ықпал ететін пробиотикалық қоспалар енгізіледі.

Мультиақуыздық шикізатты пробиотиктермен бірге қолдану малдың өнімділігін арттыруға, азық конверсиясын жақсартуға және қоректік заттардың жоғалуын азайтуға бағытталған. Жобаны іске асыру құрама жемнің өзіндік құнын төмендетуге, қайталама ресурстарды ұтымды пайдалануға және қайта өңдеу кәсіпорындарына түсетін экологиялық жүктемені азайтуға ықпал етеді.

Жобаның негізгі мақсаты - ауыл шаруашылығы жануарларына арналған табиғи мультиақуыздық шикізат қосылған, пробиотигі бар, құнарлылығы жоғары және жеңіл қорытылатын құрама жем өндіру технологиясын әзірлеу.

Бақытжан Бекболат
Автор

Бақытжан Бекболат

Бақытжан Бекболат

Ұқсас жаңалықтар