Айбек Дәдебай «Әділет» партиясының төрағасы болып сайланды
Жиын барысында жаңа саяси бірлестіктің Саяси кеңесінің құрамы таныстырылды.
Айбек Дәдебай Астанада өткен «Әділет» партиясы құрылтай съезінде партия төрағасы болып сайланды, деп хабарлайды Jambylinfo.kz
Делегаттар оның кандидатурасын бірауыздан қолдап, дауыс берген.
Съезге мыңнан астам делегат қатысып, жаңа саяси бірлестіктің алдағы бағыты мен басқару құрамын бекітті. Өз сөзінде Айбек Дәдебай көрсетілген сенімге алғыс білдіріп, бұл шешімді зор жауапкершілік деп қабылдайтынын айтты.
Жиын барысында партияның Саяси кеңесінің жаңа құрамы да таныстырылды. Кеңес құрамына 30 адам енді. Олардың қатарында Бағдат Мусин, Динара Зәкиева, Андрей Лаврентьев және «Әділ сөз» сөз бостандығын қорғау халықаралық қорының жетекшісі Қарлығаш Жаманқұлова бар.
Айта кетейік, Айбек Дәдебай 2024 жылғы 6 ақпаннан бастап 2026 жылғы 5 мамырға дейін Президент Әкімшілігінің Басшысы болып қызмет атқарды.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев оның атқарған жұмысына алғыс айтып, мемлекеттік басқару жүйесін дамытуға қосқан үлесін жоғары бағалады.