Елімізде

Қазақстан мен Қытай су саласын цифрландыру бойынша әріптестік орнатты

Бұл туралы Су ресурстары және ирригация министрлігінің баспасөз қызметі мәлімдеді

Су ресурстары ақпараттық-талдау орталығы Қытаймен су саласын цифрландыру және трансшекаралық су нысандарындағы гидробекеттерді автоматтандыру бағытында ынтымақтастық орнатты, деп хабарлайды Jambylinfo.kz 

Астанада «ҚР жаңа Су кодексін іске асырудағы бірлескен бастамалар: жүзеге асыру, тәжірибе, перспективалар» тақырыбында дөңгелек үстел өтті. Іс-шараны Су ресурстары және ирригация министрлігінің Су ресурстары ақпараттық-талдау орталығы (АТО), Астанадағы ЕҚЫҰ бағдарламалар кеңсесі және Герман халықаралық ынтымақтастық қоғамы ұйымдастырды. Жиынға Мәжіліс депутаттары, мемлекеттік органдардың, халықаралық және қоғамдық ұйымдардың, бизнес, ғылыми қауымдастық пен дипломатиялық миссиялардың өкілдері қатысты.

Дөңгелек үстелде қатысушылар су ресурстарын басқару саласындағы мемлекеттік жоспарлау мәселелерін, суды ұтымды пайдалану мәдениетін қалыптастыру және биыл қабылданған жаңа Су кодексін іске асыру аясында халықаралық ынтымақтастықты дамыту жайын талқылады.

Іс-шара аясында Су ресурстары ақпараттық-талдау орталығы мен Қытайдың POWERCHINA Zhongnan Engineering Corporation Limited компаниясы арасында өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойылды.

Құжатқа сәйкес, АТО жанынан ахуалдық орталық құрылып, трансшекаралық су нысандарындағы гидробекеттерді автоматтандыру көзделіп отыр. Жоба қытай тарапының гранты есебінен қаржыландырылады деп күтіліп отыр.