Қазақстанда қай қаланың тұрғындары жоғары жалақы алады
- авторБақытжан Бекболат
- 7 қазан, 2025
- 415
HeadHunter сарапшыларының зерттеуіне сәйкес, 2025 жылдың шілде–қыркүйек айлары аралығында еліміздегі медианалық (орташа ұсынылатын) айлық жалақы 268 970 теңгені құрады. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 2,9%-ға төмен көрсеткіш, деп хабарлайды Jambylinfo.kz
Сарапшылардың айтуынша, ең жоғары еңбекақы Астанада сақталып отыр. Мұнда медианалық жалақы 280 013 теңге, дегенмен бір жыл ішінде ол 6,4%-ға азайған. Екінші орында Алматы қаласы – орташа ұсынылатын жалақы 274 422 теңге, бұл өткен жылмен салыстырғанда 8,3%-ға төмен. Осылайша, екі ірі мегаполисте аздаған төмендеу байқалса да, олар әлі де ең жоғары жалақы деңгейін ұсынып отыр.
Ал бірқатар өңірлерде жалақы өсімі тіркелген.
Атап айтқанда:
Қостанайда – 255 431 теңге (+6,3%)
Павлодарда – 235 807 теңге (+1,6%)
Көкшетауда – 232 956 теңге (+1,3%)
Таразда – 217 247 теңге (+0,6%)
Бұл қалаларда еңбекақының біртіндеп артуы жергілікті еңбек нарықтарының жандана бастағанын көрсетеді.
Сонымен қатар, бірқатар өңірлерде керісінше төмендеу байқалған:
Қарағанды (-3,2%), Шымкент (-2,0%), Семей (-6,4%), Өскемен (–8,2%), Ақтау (-8,5%), Орал (-6,9%).
Ең айқын құлдырау Атырау облысында тіркелді – мұнда медианалық жалақы 193 819 теңге, бұл өткен жылмен салыстырғанда 20,4%-ға төмен.
Мамандардың пікірінше, 2025 жылдың үшінші тоқсанының қорытындысы бойынша еңбек нарығы ірі қалаларда жалақының аздап түзелуін, ал өңірлік орталықтарда – әсіресе Қостанай, Павлодар және Көкшетауда – жалақы теңгерімінің біртіндеп қалыптасып келе жатқанын көрсетіп отыр.






